Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ руханиятын қалыптастыру үшін келдік": Атажұртқа оралған қандасымыз оңтүстіктен солтүстікке қалай көшкенін айтты

2017 жылдан бері Қазақстанда халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік аймаққа ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қоныс аударған азаматтарды жұмыспен қамтуға және тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шаралар көрсетіледі. Stan.kz тілшісі Қытайдан атажұртына оралып, қазіргі уақытта оңтүстіктен солтүстікке көшіп, сонда тұрақтап қалған азаматпен тілдесті.

север кошу

Успень ауданы кіретін Павлодар облысына соңғы бес жылда облысқа 1952 отбасы немесе 9226 адам  көшіп келген. Әкімдік мәліметіне сәйкес, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы мамандарына, педагогтарға, дәрігерлерге, техникалық мамандықтарға және қызмет көрсету саласының мамандарына әлі де мұқтаж. Оның үстіне қоныс аударушыларда кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік бар, ол үшін бизнесті дамытуға өтеусіз гранттар мен шағын несиелер қарастырылған. Өз ісін дамыту үшін жер алуға да болады.

Ербақ Құрметжанұлы – Алматы облысы Талдықорған қаласынан Павлодар облысы Успень ауданына көшіп барған азамат. Отбасымен бірге солтүстікке қоныс аударған ол қазіргі уақытта аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі. Өзі актерлік өнер мен дәстүрлі әншілікті қатар алып жүрген азамат көшіп келген алғашқы күндерін еске алып, жаңа қоныстың жай-жапсары мен алдағы жоспарлары туралы ашып айтты.

– Ербақ, өзіңіз Қазақстанға Қытайдан оралған қандас екенсіз. Жалпы атамекенге қалай көшіп келдіңіз? 

– Атажұртқа 2013 жылы оралдым. Елімізді аңсап, жұртты сағынып келген едік. Алғашқы жылдары Алматыдағы Еңбекші қазақ ауданында болдық. Сол жылдың қазан айында Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстік. Осы оқу ордасында актерлық мамандықты игеріп, 2018 жылы тәмамдап шықтық. Оқуды аяқтай сала Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрына жұмысқа қабылдандым. Сол жерде жарты жыл актер болып қызмет атқардым.

– Оқуды бітірген соң Талдықорғанда болдым дедіңіз. Жалпы солтүстікке көшу туралы ой қайдан келді? Мұндай шешімге қалай келдіңіз?

– Менің дәстүрлі өнерден дәріс берген Қажыбек Бекбосын деген ұстазым болды. Талдықорғанда тұрып жүрген күндері жағдайымыз онша мәз болмады. Оны жасырып қайтейін. Ол уақытта әйелім екі баламен үйде, мен өзім ғана жұмыс істедім. Содан солтүстікке көшіп барған біраз достарым шақырып, келуге ұсыныс айтты. Ұстазыма осы ойымды айтқан едім, ол да мені құптап: "Солтүстікте қазақтың дәстүрлі өнері тұралап қалды, сен секілді жастар барса қазақ руханиятына шамалы қан жүгіреді" деп ақылын айтты. Өзім басында солтүстіктің суығынан қашып, ол жақта қазақтар аз тұрады, оның үстіне балаларымыз әлі кішкентай, көшіп жүргеніміз ыңғайсыз болар деп Талдықорғанда аз уақыт тұрып қалдым. Театрға қабылданғаннан кейін бізге үй беретін болып келіскен, бірақ ол үй де берілмеді. Жалпы мемлекеттің бұл шешімді не мақсатта қабылдағанын да жақсы білеміз, ол орыстанған өлкеге қазақтарды әкеліп, қазақиландыруға бет бұру. Осы ойға біз де біркісілік үлесімізді қосайық деп 2019 жылдың наурызында жүгімізді түйіп, пойызбен тартып кеттік.

– Ербақ, солтүстіктің аязы мен қысынан сескеніп біраз жүріп қалдым дедіңіз. Солтүстікке көшіп келген кезіңіз туралы айтып беріңізші. Жұмыс жайы, баспана мәселесі қалай шешілді?

– Бұл жаққа көшіп келердің алдында Успень ауданының жұмыспен қамту орталығының басшысымен хабарласып, алдымен жұмыс жағын реттеп алуды ұйғардым. Ол кісіге телефон шалып, өзімнің актер екенімді, әнші екенімді әрі жүргізушілік қабілетім туралы айтып, тура осы ауданға көшіп барғым келетінін айттым. Маған жарты сағаттың ішінде хабар берген Салтанат Мұратқызы жергілікті мәдениет үйінде бір орынның бос тұрғанын айтты. Ол жердің директорымен тікелей сөйлесіп, ол кісі де келген күні қабылдайтынын айтып, уәдесін берді. Наурыздың төрті күні кешкі уақытта жетіп, бізді қызметтік көлікпен әкімдік адамдары күтіп алды. Бір күннің ішінде әкімдік тапсырған құжаттарды дайындап өткіздік. 6 наурыз күні мәдениет үйінде әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтіп жатыр екен, ол жерге келіп әнімді айтып, шараны жүргізіп, өткізіп бердім. Содан ертесі 7 наурызда өзімнің туған күнімнің қарсаңында бұйрық шығарып, мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Әйелім қыркүйек айында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша мектепке жұмысқа кірді.

Үй мәселесі бұл жерде әлбетте бірден шешімін тапқан жоқ. Алғашқы күні осында бірінші көшіп келген досымның үйінде тұрақтап, кейіннен 20 мың теңгеге пәтер жалдап, сонда көштік. 

– Мемлекет тарапынан қандай көмек берілді? 

– Көшіп келушілер үшін "Еңбек" бағдарламасы арқылы көмек көрсетіледі. Оның ішіне жұмысқа орналастыру мен тұрғын үймен қамтамасыз ету кіреді. Көшіп келген азаматтарға жол қаражаты деген көмек бар, бір адамға ол уақытта 89 мың теңге бөлінеді, біз төрт адамға 356 мың теңге алдық. Сосын пәтерге шыққаннан кейін, бір жылдық үй жалдап тұру ақысы беріледі. Ол үшін 540 мың теңге аласың. Оны да екі аптаның ішінде түсіріп берді. Содан өзім "Дипломмен ауылға" бағдарламасына сәйкес келетін үйді іздей бастадым. Оның да өзіндік шарттары бар, кірпіштен салынуы қажет деген секілді. Осылайша бір үйді тауып, оның құжаттарын әзірлеп жүріп, 6 ай жүріп аяқтап, үйді алдым. Үйдің бағасы 4 млн теңге болды, біз артылған ақшаларды төлеп қазір ай сайын 21 500 теңгеден төлейтіндей етіп, 15 жылға бөліп алдым. Артық пайызсыз.

– Ербақ, өзің қоныс аударған өңір туралы айтып берсеңіз. Жаңа мекен отбасыңызға ұнады ма? 

– Павлодар қаласы еліміздің аса ірі өзені Ертіс жағасында орналасқан. Ресей Федерациясына жақын шекарада тұр. Облыс құрамына Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы, Май, Павлодар, Успен, Шарбақты секілді 10 аудан және Павлодар, Ақсу, Екібастұз қатарлы 3 қала кіреді. Қоныс аударушылар облыстың кез келген қаласы мен ауданына көше алады. Жалпы өзіміз жақсылық ойлап, жақсы арманмен келгеннен кейін, кемшіліктерін онша байқамадық. Біз келген аймақ интернационалды жер. Бұл жерде орыстар да, кәрістер де, украиндар да, немістер де бар. Қырық темірдің қылауы, бір сөзбен айтсақ. Успень ауданының өзінің халқы жан-жақтан келгендер екен. Біздің ауданда 5 мыңға жуық халық тұрады.

Жұмыстағы алғашқы күнімде тіл білмеуден қиналғанымды жасырмаймын. Барлығы орыс тілінде сөйлейді. Біз тек қазақша сөйлеген азаматтар бір сөздеріне түсінбей тұрып қаламыз. Содан мен де орыс тілін үйренемін деп құлшына кірісе бастадым. Бірақ басқалардың қазақ тілін үйренуге ықыластары жоқ екенін байқадым. Олар қазақ тілінің орнына менің Қытайдан келгенімді біліп, қытай тілін үйрет деп қолқа салды. Сосын мен де орыс тілін жиып қойып, тек қазақ тілінде сөйлеп жүрдім. Мұнымен қоса мәденит пен тілдерді дамыту орталығының басшысы Медет Тауасқан деген азамат болатын. Ол да бізге қарап: "Сендердің міндеттерің қазақша сөйлеп, осындағы қазақ тілділердің санын арттыру. Мемлекеттің басты мақсаты да осы" деген соң, белсене кірісіп кеткендей болдық.

Қазір шүкір, орыс тілін де тамтұмдап түсінеміз, бірақ жүрген жерімізде қазақ тілін талап етіп, мәртебесін көтеріп жүреміз. Талап ету дегенде, орыстың көзін көгертіп, күш қолдану емес. Бұлай жасасақ біз де "үңгірдегі ұлтшыл" болып кетерміз. Тек өзіміз қазақша сөйлеп, өзгеге де үлгі көрсетеміз. Көшіп келген біраз уақыттың ішінде қазақ тіліміздің бойына қан жүгіріп, жаңа серпін алғандай. Осылайша мемлекетіміздің де мақсаты жүзеге асып келе жатыр.

– Ербақ, қазір осы аймаққа сіңісіп, жергілікті тұрғын болып қалдыңыз. Енді алдағы уақытта өзіңіз секілді көшіп келемін деушілерге қандай кеңес айтасыз?

– Қазіргі уақытта еліміздің көп бөлігі мал бағуға жайсыз болып қалғаннан кейін, бұл аймаққа мал жайылымы үшін көшіп келіп жатқандар көбейіп жатыр. Сонымен қатар қоныс аударған жас мамандар да бар, әлі тоқтап жатқан жоқ. "Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас" дегендей көшіп келушілер көбейе түссе дейміз. Мен өзім осында келгелі үш азаматтың қоныс аударуына мұрындық болдым. Олардың екеуі менімен бірге мәдениет үйінде жұмыс жасайды, біреуі музыкалық мектепте сабақ береді. Жалпы өзіміз өнер адамдары болған соң, ауданның мәдени өмірі мен руханиятына өзгеріс енгізуге тырысудамыз.

Атап өтетін жаңалығымыз, жақында мәдениет үйінің қызметкерлерімен "Көш" деген спектакль қойдық. Онда осы оңтүстіктен солтүстікке көшіп келген бір отбасының өмірі суреттеледі. Сатиралы жолмен әдемі жеткізіп бердік. Абайдың 175 жылдығы болған кезде оқушылардың қатысуымен "Абай" спектаклін қойдық. Бұл оқиғалардың барлығы Успень ауданының тарихында алғаш болды.

Мақсатым жөнінде айтатын болсам, өзім осы Успень ауданында халық театрын ашуды армандаймын. Қазір сол бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Естуімізше, әкім қолдаймын деп айтыпты, лайым солай болады деп сенеміз.

Жалпы Қазақстанның әр пұшпағы әрбір қазаққа ыстық. Қай өңірде жүрсең де бір елім деп еңбек етсең, бір қолға бір күрек табылады. Солтүстік болсын, батыс немесе шығыс болсын, қаны бір қазақтың бәрі туыс, бауыр болып саналады. Сол себепті әрбір азаматты қазатың ықпалын өсіру үшін көшіп келуге шақырамын.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Талқылау