Қазақ қызы студент кезінде туған баласын қазіргі жігітінен жасырып жүр
Студенттік отырыста алғаш рет ішімдік ішкен бойжеткен бейтаныс жігіттен жүкті болып қалады. Алайда бастапқыда көпке дейін өзінің пәктігінен айырылғанын білмей жүреді. Артынша жүкті екенін біліп, баланы жатақхана бастығына беруге келіседі. Енді міне арада 7 жыл өткен соң Тоғжан отбасын құрғалы отыр. Бірақ бұл баланы қазіргі жігітінен жасырып қалмақ.
Бұл туралы Қазақстан арнасының “Әйел бақыты” бағдарламасында айтылды.
Тоғжан есімді бойжеткен студент шағында достарымен бірге отырысқа барады. Сол отырыста өмірінде бірінші рет ішімдік ішіп, таңертең ес-түссіз оянады. Бастапқыда пәктігінен айырылғандығын сезбейді. Артынша уақыт өте келе өзінің жүкті болып қалғанына көз жеткізеді. Бойжеткен бағдарламаның басында “өзімді біреудің аймалап жатқаны есімде жоқ” десе, соңына қарай баланың әкесінің кім екенін білетінін айтады. Алайда жұрттың пікірінен ұялып, жүктілігі туралы ешкімге тіс жармауды жөн көріпті.
“Екінші курста оқып жүргенімде мен небәрі 19 жаста болатынмын. Сол кезде ауылдан қалаға білім қуалап келдік. Жатақханада тұрдым. Айналамдағының барлығы маған таңсық дүниедей болып көрінетін. Уақыт өте келе жаңа достар пайда болды. Қасымдағы құрбым жігітпен жүре бастады. Жігітінің досы екеуімізді туған күнге шақырды. Ортақ достарымыз көп болғандықтан, мен келісе кеттім. Барған жерімде өмірімде алғаш рет ішімдік ішіп көрдім. Шамамен қызыл шарап болса керек. Осы әрекетім үшін әлі күнге дейін өкінемін. Таңертең оянып ешнәрсеге назар аудармастан, жатақханаға қайтып кеттім. Өзім пәктігімнен айырылғанымды байқай бастағандай болдым. Алайда ешнәрсе есімде болмағандықтан, жаман ойламауға тырыстым.
Өстіп жүріп аяғымның ауыр екенін білдім. Ал бұл туралы кімге, қалай айтарымды білмедім. Жатақхананың бастығы бізге қарайлап жүретін. Достарыма айта алмаған соң, сол апайға шерімді тарқаттым. Ол кісі де 15 жылдан бері бала көтере алмай жүргенін айтты. Маған “4 жылдық оқуыңды төлеп, үй-жаймен қамтамасыз етеміз. Сен балаңды басы бүтін бізге бер” деп ұсыныс тастады. Бұдан басқа амалым болмағандықтан, босана салысымен баламды сол кісілерге бердім. Бауырыма басып, бір рет те болсын иіскеп көрген емеспін. Ол кісімен қазір де араласамыз. Мені үнемі қолдап жүреді. Балам туралы айтып беріп отырады. Ал жолдасын мүлдем танымайды екенмін”, – дейді Тоғжан.
Ал бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы Тоғжанның бұл қылығына таң қалды. Ол кез келген жастағы қыз-келіншектің бойында аналық мейірімнің болатындығын айтты. “Менің анам 21 жасында, ал өзім 30 жасымда босандым. Біз қай жаста болсақ та, сол бір қасиетті сезімді сезіндік. Сен не себепті өзіңнің балаңды біреуге беруге келістің? Және әкесін біле тұра оған неге айтпадың?” – дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
“Мұның барлығы құпия болған соң өзімнің ата-анама да айтпадым. Әлгі жігіт өзінен бала бар екенін білмейді. Ауылдағылардың қандай жағдайда тұратынын өзіңіз білесіз. Ал менің басты мақсатым – ата-анамның үмітін ақтау болды. Жақсы жұмысқа орналасып, солардың жағдайын жасауды армандадым. Баламды өзім алып қалатын болсам, оған да, ата-анама да қарайлай алмайтын едім. Осы әрекетім үшін өкінбеймін. Себебі, өзім де, балам да бақытты. Апайым оны менен артық жақсы көреді. Студенттік кезде менен ешнәрселерін аямай қаржылай көмектесті. Жатақханадан шығарып жіберген кезде де, үйлеріне тұрғызды. Биыл балам 7 жасқа толды. Оны өмірімде бір рет болсын көрген емеспін”, – дейді Тоғжан.
Дәл қазір Тоғжан банк қызметшісі болып жұмыс істейді. Көңіл жарастырып жүрген жігіті де бар екен. Жуырда отбасын құруды жоспарлап та жүр. Алайда бойжеткен бұл баласы туралы қазіргі жігітіне айтпауды жөн көріпті.
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
Бір әулеттің жалғыз ұлы бедеу келіншегінің ажырасу туралы ұсынысынан бас тартты
Бәйбіше мен күйеуі ұл туып берген тоқалды үйден қуып шықты
Ләйлә Сұлтанқызы келіншектерге ерімен бақытты болудың 10 қағидасын айтты