Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ қызы: Ер адамдарға қол беріп амандаспайтынымның себебі – тазалықта

Қазақ қызы не себепті ер адамдарға қол беріп амандаспайтынын түсіндірді. Ол бөтен ер мен әйелдерді қол бермей амандасуға шақырды.

19756760_1382782221806746_3207583689080133930_n

Соңғы кездері ыңғайсыз жағдайға жиі қалып жүрмін. Біздегі ер адамдардың қыздарға қол созып амандасатыны қиын-ақ. Кейде құрбы қыздардың ортасында олармен қол алысып амандасқан жігіт маған да қолын созады, деп жазады Марфуға Шәпиян есімді қазақ қызы. 

Ондайда “Кешіріңіз, жігіттермен қол алысып амандаспайтын едім” деп жылы жымиямын. Кейбірі басымдағы орамалға қарап түсіне қояды. Енді бірі аңырап, қолын созған күйі тұрып қалады. Немесе ыңғайсыз күйге түсіп, қарадай қысылады. Мына жақтан қылмыс жасағандай мен біртүрлі боп тұрамын. Артынан құрбы қыздарым: “Сен емес, біз ыңғайсыздандық” деп ренжіп жатады. Ал жақында қолымды ұсынбағаным үшін сондай бір ағадан ауыр сөз естідім.

Рас, қазір көпшілігіңіз іштей “Қолды ұсына салғанда тұрған не бар?” деп ойлап отырған шығарсыздар, іштей) Жо-жоқ, мәселе тіпті де онда емес. Мәселе, тазалықта. Біз үнемі Исламның таза дін екенін айтамыз да, күніне бес уақыт дәретімізді тілге тиек етеміз. Алайда, тазалық сыртыңды жуумен шектелмейді ғой. Ішкі тазалықты қайда қоямыз?

Қазақта баяғыда “қолұстатар” деген салт болған. Онда күйеу жігіт пен қалыңдықтың некелері қиылған соң жеңгелер қауымы қыздың қолын жігітке ұстатып, ақы алады екен. Бұл туралы Зейнеп Ахметованың “Бабалар аманатынан” оқыдым. Әрі Бауыржан Момышұлы Зейнеп апайға: “Сендер не десеңдер де, қалай сынасаңдар да, біз басымыздан өткізген “қолұстатар” талғамы берік, тілегі тұнық, тәрбиесі мол әдемі ғұрып еді-ау, шіркін! Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанының қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжеткенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылықтары дарақыланып, жүрістерінен жаңылады”, – депті. Міне, мәселе қайда!

Кеңес үкіметі келгенге дейін қазақ дініне, ата салтына өте берік еді ғой. Әрі бүкіл жағынан тазалыққа қатты мән берген. Күні кеше Шымкентте Ханбибі Есенқарақызымен сұхбаттасып отырып, ақынның анасы туралы айтқан мына бір оқиғасына қайран қалдым. Анасы қолына келіп тұратын болып, қызынікіне келеді. Сол кезде апайдың үйінде тамақ істеп, үй шаруасына көмектесіп, бір орыс қыз жүрсе керек. Ақыры анасы қояр да қоймай “Үйінде доңыздың етін ұстап келген қыз, бізге тамақ жасай ма?” деп шығартып жібереді. Міне, бұл – қазақтың тазалығы. Әйтпесе, ол кісіге кім шошқа етін бергелі тұр дейсіз?

Немесе қазақтың кесірі тиер деп аш отырса да көлденең жатқан бөтен затты алмауы, ұрлықпен келген малдың етін жемеуі осының айғағы емес пе? Мұның бәрі – тазалық.

Неке де солай. Тек тазалыққа құрылуы тиіс. Ондай некеден салиқалы, ізгі ұрпақ дүниеге келеді. Әзілхан Нұршайықовтың “Мәңгілік махаббат жырында” ғой деймін, әйелінің адалдығын, өзінің де өмірбақи әйеліне адал болғанын айтатыны бар еді ғой. Жарты ғасырдан астам уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті, бақытты тұруының сырын сол адалдықтан, тазалықтан дейді жазушы.

Бүгінде біз де Исламның осы бір әдемі тыйымын ұстанғымыз келіп, қолымызды ұсынудан бас тартып жатсақ, ол біздің өзге ағымға кіріп кеткеніміз емес, адал неке құрсақ, салиқалы ұрпақ дүниеге әкелсек деген ниетімізден, қазақтың баяғы қанындағы тазалыққа деген ұмтылысымыздан деп білсеңіздер екен. Сондықтан қолын ұсынбай жатқан әр қызға кешіріммен әрі түсіністікпен қарауларыңызды өтінемін.

Тағы да оқыңыз:

Қайрат Нұртас: Орысша еркін сөйлеймін. Өйткені, Алматыда 27 жыл тұрдым

Димаш орындаған кезекті саундтректің бейнебаяны шықты (видео)

Eastern Airlines ұшағында Димаштың портреті бейнеленбек

Талқылау