Қайырымды жастар 12 млн жинап берген Жәнелдің отасы сәтті өтті
30 қараша күні екі бүйрегі істен шыққан Жәнел Жайлауованың анасына отаға қажетті 12 млн теңге табысталды. Алматы еріктілер ұйымы осылайша екі ай бұрын берген уәделерін орындады. Осы оқиғадан кейін араға жеті күн салып, бүлдіршінге ота жасалды.
Фото: instagram.com/kaiyrymdy_jandar/
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жәнел Жайлауованың 5 жасқа дейін бір бүйрегі жұмыс жасамай келген. Қазір бүлдіршіннің қос бүйрегі істен шыққан. Араға біраз уақыт салып Жәнелге донор табылды. Мұнымен қатар, қазақстандық жастар түрлі қайырымдылық шара ұйымдастырып, Жәнелге қажетті 12 млн теңгені жинады. Осыдан кейін араға 7 күн салып, бүлдіршінге ота жасалды. Күні кеше желідегі “Қайырымды жандар” тобы Жәнелдің жан сақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған болатын.
“Кеше Алматыда отандық дәрігерлер кішкентай Жәнелдің бүйрегін алмастырды. 5 сағатқа созылған ота білікті мамандардың қатысуымен сәтті өтті! Қазір кішкентай ханшайым жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің қатаң бақылауында! Жүрегі алып-ұшқан ата-анасы дәл қазір қызының негізгі палатаға ауысуын тілеп, аурухана дәлізінде күтуде. Барша халықтың дұға-тілектерін Алла қабыл етіп, Жәнел аман-есен толық жазылып шығуына тілекшіміз”, – деп жазады аталған топ.
Араға бір күн салып олар отаның сәтті өткенін әрі Жәнелдің палатаға ауыстырылғанын айтып жұртты қуантты. Тіпті, сөздерінің дәлелі ретінде желіге Жәнелдің суретін жүктеп қойған. “Алақай! Жәнел бүгін жан сақтау бөлімінен палатаға ауысты! Денсаулығы қалыпты, құсуын тоқтатты. Жаңа бүйрек жұмыс жасады. Енді ол гемодиализ аппаратына таңылмайды. Қуан, қазақ! Қаршадай балапаның жаңа өмірге қадам басты!” – деп жазады суреттің тұсына.
Бұл жаңалық Жәнелдің ата-анасымен қатар, барша қазақстандықты қуантты. Олар желі арқылы ақ тілектерін жаудырып, бүлдіршіннің денсаулығының жақсарып кетуіне дұға ететіндіктерін жеткізді.
“Аман болсын! Жасы ұзақ болғай”, “Қуанышымда шек жоқ! Аллах әрдайым қолдап, қорғай көр”, “Ботақан, бақытты бол! Денсаулығың мықты болсын”, “Осындай жазбаларды оқып қуанып қаламын. Ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін”, “Алла сіздерге разы болсын! Көп жасаңыздар. Бақыт пен қуаныш тілеймін!”, “Сауығып кет, құлыншақ!”, “Аллаға шүкір, алтыным ғұмырлы болғай” деп жазады желі қолданушылары.
Жіберіп алмаңыз:
Шамадан тыс көп су ішіп қойған әйел ауруханадан бір-ақ шыққан
Бақыт Сыздықова 60 келіге қалай арықтағанын айтып берді
Кей адам туған кезде құлағының үстінде тесік болады – мұның себебі мынада