Қайырымды жандардың арқасында атыраулық науқас қызға шетелде ота жасалды
Қайырымды жандардың арқасында атыраулық бүлдіршін Альмира Рысмағамбетоваға Оңтүстік Кореяда тегін операция жасалды. Туабітті мүгедек балғын сегіз жасқа толғанша еркін сөйлей алмаған. Жұрт қатарлы мектепке барып, қатарымен ойнап-күлуден қалған.
Бұл туралы 24 арна хабарлайды.
Ата-анасының жағдайы болмағандықтан демеушілер көмегімен кішкентай Альмираға шетелде ем-дом жасалды. Қазір оның ахуалы жақсы, енді бірнеше күннен соң елге оралуы тиіс. Альмираның туабітті таңдайы жоқ. Осының салдарынан ауыз қуысы дұрыс бітпеген. Бұл кемістік дұрыс сөйлеуге де, тіпті күлуге де мүмкіндік бермей келген болатын. Өзі қатарлы балалардың келемеж ететіндігінен әбден қажыған бүлдіршін мектептен бас тартқан. Ал шетелдік білікті мамандар бүлдіршіннің басты арманының орындалуына мүмкіндік берді. Жанашырлық білдірген отандық туристік компания өкілдері мен оңтүстіккореялық дәрігерлер қолдан келген көмектерін аяған жоқ.
“Альмираның жағдайына қаныққан соң қол қусырып қарап отыра алмадық. Кореялық дәрігерлермен ақылдасып, қалай да көмек көрсету қажет деп шештік. Оларда мәселемізді қайтармай, өз келісімдерін берді. Бейнебайланыс арқылы осы жерден-ақ барлық мәселені шешіп, операциядан кейінгі қалпына келу мерзімінде де бақылауға алу, емдік курстарды толық аяқтауға келістік”, – дейді туристік компания басшысы Роза Бекенова.
Пучхон қаласындағы халықаралық медицина орталығы жоғары санатты, білікті дәрігерлерімен әлемге әйгілі. Хирургтер Альмираға операция жасамас бұрын оның денсаулығын кешенді тексеруден өткізді. Жан-жақты медициналық тексерулер мен бүлдіршіннің сауығып кетуге деген ерік-жігерінің мықтылығы арқасында операция өте сәтті өтті дейді дәрігерлер.
“Мен операцияның сәтті өтетіндігіне күмәнім болған жоқ. Науқастан да, мамандар тарапынан да ешқандай қобалжу болған жоқ. Қазір күтімге баса мән беріп, операция жасалған ауыз қуысы толық қалпына келгенше шыдамдылық көрсету талап етіледі. Ал Альмираның осы күнге дейінгі басынан өткізген жан күйзелісі мен мінез-құлқындағы өзгерісін психолог мамандар емдеуі тиіс. Біз бүлдіршін толық жазылып кеткенше жіті бақылауда ұстайтын боламыз”,- дейді
«Сунчхонхян» халықаралық медицина орталығының директоры Ким Хён Чоль.
Корейлік дәрігерлердің айтуынша, Альмираға операция кішкентай кезінде жасалғанда оның нәтижесі мүлде басқаша болар еді. Дегенмен қазір де аса кеш қалған жоқ. Енді үш-төрт аптадан соң жарасы жазылып, ақырындап сөйлей бастайтын болады. Операциядан кейін қазақстандық қызға халықаралық бөлімшенің барлық дәрігерлері арнайы келіп құттықтап, естелік сыйлықтарын ұсынды.
“Сәтті өтті операция. Енді жайлап тамақ ішіп жатыр, аман-есен, алға қарай бәрі жақсы болуын, жазылып кетуін тілейміз Алладан. Кореяның дәрігерлеріне, профессорларына, медбикелеріне көп-көп рақмет, жақсы қарайды”, – дейді Альмираның анасы Альбина Рысмағамбетова.
Енді бірнеше күннен кейін дәрігерлердің қорытынды шешімінен соң Альмира анасымен бірге елге оралады. Альмираның қуанышында шек жоқ. Әр күнін санап, Атырауға қайтар күнді асыға күтіп жүр. Ол бұрын өзі армандайтын білім ордасы, мұғалімдер мен оқушылардың бейнесін салуға қатты құштар еді. Енді өзі де мектепке барып, қатарластарымен бірге ойнап-күлер күнде алыс емес.
Бұған дейін Атырауда 8 жасар мүгедек қыз сыныптастарының мазағынан мектепке бара алмай жүргенін жазған едік.