Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайынағасының үйіне қонаққа барған келіншек абысынының қалай жақтырмағанын айтып берді

Биылғы жылы кезекті еңбек демалысым тура сәуір айына түсті. Бір жаққа қыдыра қоятындай мамыражай жаз емес.

precover

Бұл туралы Замана газеті жазады.

Бірінші аптада үйдегі ұсақ-түйек шаруаларыммен айналыстым да, екінші аптада қыдырғым келді. Сөйтіп ауылда тұратын абысынымның үйіне бардым. Балаларымды балабақшадан сұрап алып, екі-үш күн боламын деп ойлағам.

Қаладағы бірсарынды тіршілік те адамды мезі етіп жібереді ғой. Ал ауыл өмірі қызық. Әсіресе көктемде сиыр бұзаулап, қой-ешкілер төлдеп жатқанда ауылдағы екі үйдің бірі уыз көжеге шақырып, мәре-сәре болысады. Балаларым қозы-лақ қуалап ойнасын, өзім сиыр сауып, күбі пісіп, тандырға нан жауып жеп, демалысымда таза ауамен тыныстайын деп қиялдадым.

Түс әлетінде барсақ, абысыным үйінде жоқ екен. Үлкен қызы сабақта, екінші қызы дастархан жайып шай берді. Қайынағам қойшыларға сақпанға кетіпті. Абысыным жуық арада келе қоймаған соң бекерге отырмайын деп қызын жаныма ертіп алып, кешкі асты әзірлеп қойдым. Өрістен желіндері тырсылдап келген сиырларды сауып, бұзауларын босатып, сүтті даладағы қазанға пісіріп, өзімше бәрін қатырдым, абысыным қуанып қалатын болды деп жүрмін ғой. Ауылдағы тіршілікті өзім де әбден сағынып қалыппын.

Қас  қарайған шақта абысыным келді. Көңілсіз амандасқан ол жан-жағына кіржие көз тастады да, әй-шай жоқ қыздарына ұрыса бастады. Алдымен бұзаулардың неге бос жүргенін сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, мен сауып алғанымды айттым. Маған ештеңе деместен ошақтың жанына барды да, пісіп тұрған сүтті сапырғыштап: «Осы жұрттардың үйінде тірлігі жоқ па? Неге ерігіп жүреді екен? Өзіміз біреудің үйіне барып, рұқсатсыз кіре алмаймыз ғой, тірлігіне араласпақ түгіл», – деп айқайламасы бар ма?

Шынымды айтсам дәл сол мезетте қайынағам, абысыным бар деп сонау жерден іздеп барғаныма өкініп кеттім. Кері қайтып кетейін десем, күн кешкіріп қалған. Мұндай уақытта ауылда көлік те жүрмейді.

Амал жоқ, сол күні абысынымның дауылды мінезін көтеруге, оқтай жауған сөздерін естіп, сонда қонуға тура келді. Қыздарының «Тамақты жеңешем істеді», – дегеніне қарамастан абысыным: «Немене тамаққа етті көп салғансыңдар, әкелерің ет комбинатында жұмыс істеп жатыр ма еді? Неге үнемдемейсіңдер?» – деп тағы ұрысты. Тілімді тістеп мен отырмын. Ағарған ішіп, тандыр нан жеп қарық боламын деп бар­ған басым, абысынымның аттай тулағанын көріп дастарханынан қара су ішпестен ертеңгісін бірінші автобуспен тайып тұрдым.

Рас, қазір қымбатшылық пен дағдарыстың алқымнан алған кезі. Табыс табу да, оны күнкөріске жеткізу де оңай емес. Бірақ солай екен деп анда-санда қыдырып баратын қонақтың көңілін қалдыруға бола ма? Оған қоса біз әшейін біреулер емес, туған бауырлардың әйелдері емеспіз бе?

Жалпы, қонақ келсе шеке-бастары тырысып, қабақтары ашылмай  қалатын әйелдерді көп байқаймын. Бала күнімде әжем марқұм: «Ей, Алла, жанымды алсаң ал, пейілімді алма», – дегенді көп айтатын. Сол айтқандай қымбатшылық екен деп пейілімізді қуратпа­йықшы, ағайын! Алла-Тағалам не берсе де пейілімізге қарай беретінін ұмытпайық.

Талқылау