Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қайсар” сенсациялық трансфер жасады: Англия чемпионы Виктор Мозес Қызылорда клубына ауысты

Қайсар фкФото:”Қайсар” фк

"Қайсар" футбол клубы тәжірибелі нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозесті өз құрамына қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қызылордалық команда 35 жастағы футболшымен ресми түрде келісімшартқа отырды. Виктор Мозес “Қайсар” сапында  11-нөмірмен ойнайды.

Виктор Мозес кәсіби жолын Англия Чемпионшипінде "Кристал Пэлас" клубында бастады. Ол жоғарғы деңгейде ойын өрнегін көрсетіп, "Уиган Атлетик” сапына ауысты. Ал 2010 жылы Англия Премьер-лигасында алғаш рет алаңға шықты. 

2012 жылы лондондық "Челси" Мозесті өз қатарына қосып, онымен келісімшартқа отырды.

"Челсидегі" алғашқы маусымында барлығы 10 гол соғып, жоғарғы деңгейде ойнады. Алайда оны клуб соңғы жылдары "Ливерпуль", "Сток Сити" және "Вест Хэм Юнайтед" клубтарына жалға берді. 

2016–2017 маусымында "Челсиге" қайта оралып, клубтың Англия Премьер-лигасында топ жаруына зор септігін тигізді. Футболшы сол маусымда 34 матч өткізді. Кейін Мозес "Фенербахче", "Интер" (Милан) және Мәскеудің "Спартак" клубтарында доп тепті.

Клубтық мансабы барысында Мозес жалпы саны 495 матчқа қатысып, 62 гол соғып, 47 нәтижелі пас берді.

Сондай-ақ ол Нигерия ұлттық құрамасы сапында 38 ойын өткізіп, 12 голдың авторы атанып, 5 нәтижелі пас берген.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 08:18