“Қайраттың” Чемпиондар Лигасындағы табысы: Алматылық клуб қанша қаржы тапты?

Алматылық "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы жорығын аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Клуб тарихында алғаш рет турнирдің негізгі (жалпы) кезеңіне шыққан алматылықтар үшін бұл маусым айрықша маңызға ие болды. Команда Еуропаның алпауыт клубтарына қарсы өнер көрсетті.
Негізгі кезеңде "Қайрат" сегіз матч өткізіп, бір тең ойынның арқасында 1 ұпай жинады. Турнирдің келесі сатысына өте алмаса да, бұл жорық клуб үшін тарихи жетістік әрі қомақты қаржылық табыс әкелді.
Football365 мәліметінше, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне қатысқан әр командаға УЕФА 18,62 миллион еуро көлемінде кепілдендірілген сыйақы төлейді. Бұған қоса, матч нәтижелеріне байланысты бонустар қарастырылған:
• жеңіс үшін – 2,1 млн еуро,
• тең ойынға – 700 мың еуро.
Сондай-ақ командалар турнир кестесіндегі орнына қарай да сыйақы алады. Соңғы орын иегері 275 мың еуро алса, әр келесі орын үшін бұл сома екі еселеніп отырады. Ал негізгі кезең көшбасшысына 9,9 миллион еуро төленеді.
Осылайша, "Қайрат":
• негізгі кезеңге қатысқаны үшін – 18,62 млн еуро,
• бір тең ойын үшін – 700 мың еуро,
• турнир кестесіндегі соңғы орын үшін – 275 мың еуро алды.
Жалпы алғанда, клубтың Чемпиондар лигасынан тапқан табысы шамамен 19,6 миллион еуроны немесе 11,8 миллиард теңгеге жуық қаржыны құрады.
Маусым толық аяқталған соң бұл сомаға телехабар тарату және маркетингтік құқықтардан түсетін қосымша төлемдер қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік, "Қайрат" негізгі кезеңдегі соңғы, сегізінші ойынын Лондонда өткізіп, жергілікті "Арсеналға" 2:3 есебімен есе жіберді.
"Қайраттың" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуы арқылы мадридтік "Реал" Алматыға келді. Аталған матчтар барысында Темірлан Анарбеков, Шерхан Қалмұрза, Дастан Сәтпаев, Әділет Сәдібеков сынды қазақ футболшылары халықаралық деңгейде өздерін таныта білді.
Сонымен қатар, Темірлан Анарбеков алғаш рет қазақ футболшылары арасынан Чемпиондар лигасының үздік ойыншысы атағын жеңіп алды.
Жалпы, “Қайрат” Чемпиондар лигасындағы Кипрдің “Пафос” клубымен 0:0 есебімен тең ойнап, бір ұпайға ие болды. Ал қалған матчтарда “Спортингке” (1:4), “Реалға” (0:5), “Интерге” (1:2), “Копенгагенге” (2:3) және “Олимпиакосқа” (0:1) есе жіберді. Ал “Брюггеге” 4:1 есебімен ойсырай жеңілді.