“Қайрат Сәтжанов кеткен жоқ, оны кетірді” – Спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы
Фото:ҚФФ
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жуырда қызметінен кеткені еді. Ресми ақпаратта оның бұл шешімі денсаулығына байланысты деп айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алайда белгілі спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы бұл уәжбен келіспейтінін, бапкердің өз еркімен кетпегенін айтуда.
"Сәтжанов кеткен жоқ, оны кетірді. Қайрат Сәтжановты қатарынан екінші рет қызметінен алып тастауы шынымен ұят жағдай. “Командаға жаңашылдық керек, жаңа көзқарас қажет” деуге болар. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ қазақ боксына бар өмірін арнаған тұлғаны дәл осылай шеттету қынжылтады.
Токиодан алтынсыз оралған соң, Сәтжановты қайта шақырып, команданы сеніп тапсырды. Ал Париж Олимпиадасына бір жыл қалғанда тізгінді тағы қайтарып алды. "Парижден алтынсыз келгенде команданы “құтқару” үшін тағы да Қайрат ағамыз керек болды. Ол ешқашан көмектен бас тартқан емес.", – дейді журналист.
Журналистің айтуынша, Олимпиадаға екі жыл қалғанда бас бапкерді ауыстыру орынсыз шешім.
Енді міне келесі Олимпиадаға тура екі жыл қалғанда оны тағы да қызметінен шеттетті.
Тұтас бір олимпиадалық циклді бір бапкерге сеніп тапсыруға болмай ма? Өткелде ат ауыстыру қаншалықты дұрыс? Бұл сұраққа жауап жоқ.
Бір анығы Қайрат Сәтжанов ресми айтылғандай денсаулығына байланысты кеткен жоқ. Шын мәнінде, оны кетірді. Жаңа ғана өзімен сөйлестім. “Қазір маған оңай емес, бірақ жұмысқа қатысты ұсыныстар көп”, – деді", – дейді Ақырыс Сейтқазы.
Сонымен қатар Қайрат Сәтжановтың қызы Еңлік Сәтжан да әкесінің қызметтен кетуіне қатысты пікір білдірді. Еңлік Сәтжан әкесінің әділетсіздікке тап болғанын атап өтті.
"Біздің отбасымыз осындай әділетсіздікке тап болып отыр. Мен бұл туралы жазып, посттар мен видеолар жариялап, резонанс жасағым келеді. Бірақ әкем қаламайды.
Адам бар өмірін сүйікті ісіне арнап, адал еңбек етіп, нәтиже көрсетеді. Алайда мемлекет үшін бұл маңызды емес сияқты. Қалаған кезде қызметтен алып тастай салады.
Сосын мықты мамандардың шетелге кетуіне таң қалады. Ал “Жаңа Қазақстан” осылай ешқашан қалыптаспайды", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Қайрат Сәтжанов 2021–2023 жылдары да ұлттық құрааның бас бапері қызметін атқарған. Бірақ ол Париж Олимпиадасының алдында да денсаулығына байланысты қызметінен кеткен еді.
Кейін Париждегі сәтсіз нәтижеден соң ұлттық құраманың тізгінін қайта қолға алды. Ал 2025 жылы оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында 4 алтын медаль жеңіп алды.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты