"Қайрат" – "Реал" матчына билет алып, ойынға кіре алмағандар ақшасын қайтара алады: Ticketon шарттарын атады
Фото: “Қайрат” ФК
Ticketon компаниясы "Қайрат" – "Реал" матчына билет алып, ойынға кіре алмағандардың ақшасын қайтаруға уәде берді. Алайда бұл ақша бәріне бірдей қайтарылады дегенді білдірмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қайрат" – "Реал" матчы аяқталса да, ойынға қатысты шағымдар толастамай тұр. Көптеген адам жарамды билеттері болғанына қарамастан Алматыдағы тарихи матчқа қатыса алмады. Ең қымбат билеттерді сатып алған жанкүйерлердің арасында да стадионға кіре алмағандар бар. Қазір олар билет үшін төлеген ақшаларын қайтаруды талап етуде.
Freedom Ticketon компаниясы бұл адамдарға билеттің ақшасын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Алайда белгілі шарттарға сай келген жағдайда ғана.
Компания тек үш ресми интернет-ресурстан алынған билеттердің ақшасы ғана қайтарылатынын атап өтті. Олар: Freedom SuperApp қосымшасы, Ticketon.kz сайты және Qairat SuperApp мобильді қосымшасы арқылы алынған билеттер.
Аты-жөнінде қазақша әріптері бар жанкүйерлер "Қайрат" пен "Реал" матчына билет ала алмаған
"Бұл клиенттер қолдау қызметіне жүгініп, келіп немесе қоңырау шала алады. Біз әр жағдайды жеке зерттеп, қарастыра отырып, ақшаны қайтару бойынша шешім қабылдай аламыз. Адам келіп, өзінің ЖСН-ін көрсетуі керек. Біз төлемді қандай карта арқылы жасағанын көріп, оны тексеруіміз қажет", – деді Freedom Ticketon компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді.
Компания өкілі делдалдардан сатып алынған немесе сыйлық ретінде берілген билеттердің ақшасы қайтарылмайтынын атап өтіп, компания әр билеттің шынайлығын тексеруге дайын екенін айтты.
"Кейбір адамдар билеттерді қолдан сатып алған. Мұндай жағдайларға біз жауап бермейміз", – деді ол.
Ticketon өкілі жүйе сатып алушыны ЖСН және төлем картасы арқылы тексеруге мүмкіндік беретінін, ресми транзакция болса, ақшаның қайтарылатынын нақтылады.
"Кейбір адамдар жалған билеттермен келіп, матчқа кіре алмағандарын айтуы мүмкін. Ал біздің дерекқорымызда ондай билеттер жоқ", – деді Азамат Атагелді.
Еске салайық, бұған дейін жанкүйерлер “Қайрат” – “Реал” матчына билет сатып алып, ойынға кіре алмағанын айтып, наразылық білдіргенеді. Желі қолданушылары әділетсіздіктің құрбаны болғанын айтып, сондай-ақ тәртіп сақшыларының жұмысын сынап тастады.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
