"Қайрат" бас бапкерлігінен Марлон Веласко кетті, команданы Густаво жаттықтырмақ
Фото: коллаж / instagram.com / afckairat
"Қайрат" футзал клубы бас бапкер Марлон Веласкомен келісімшарттың аяқталғанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осыған орай, клуб испаниялық маманмен қоштасуға шешім қабылдады.
Веласко 2023 жылдың тамыз айында Алматы командасының тізгінін ұстаған еді. Бұл кезең ішінде ол командамен бірге бірнеше маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Португалияда өткен Masters Cup турнирінде топ жарды, Қазақстан Суперкубогын екі мәрте ұтып алды, сондай-ақ ел кубогының иегері атанды. Бұдан бөлек, "Қайрат" 2025 жылғы футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасында күміс медаль еншіледі.
Клуб бапкерге сіңірген еңбегі үшін алғыс білдіріп, алдағы жаттықтырушылық жолына табыс тіледі.
Қазір команданы маусымның соңына дейін клуб директоры Густаво Парадеда басқарады. Кеше ұжым Атырауға аттанар алдында Парадеда жетекшілігімен соңғы жаттығуын өткізді.
Айта кетейік, алда команда үшін шешуші сәттер күтіп тұр. Әзірге Қазақстан чемпионатының жартылай финал сериясындағы есеп тең – 1:1. Алматылықтар ½ финалда “Атырау” футзал командасына қарсылас атанды. Келесі екі кездесу 13 және 14 маусым күндері Атырау қаласында өтеді. Еске салайық, финалға жолдама алу үшін үш жеңіс қажет.