"Қайғымен аяқталған мереке": Пойыз басшысына 6 рет пышақ сұққан қазақстандық 20 жылға сотталды
Фото: Stan.kz
Ақтөбеде пойыз бастығын пышақтап өлтірген 28 жастағы Бауыржан К.-ға қатысты сот үкімі шықты. Пробация тәртібін бұзған, уақытында абақтыға қамалмаған сотталушы адам өлтіру ісі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9-тармағы (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен жарияланды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 6 тамыз күні таңғы сағат 04:00 шамасында қала орталығында тіркелген. Сол күні теміржолшылар кәсіби мерекені атап өткен. Олар жолдан өтіп бара жатқан жас жігіттен темекі сұраған кезде жанжал туындап, сол сәтте пойыз бастығы Ерсұлтан Мұханбеталы кеуде тұсынан алты рет пышақталған. Ол есін жимастан ауруханада көз жұмды.
Сот анықтағандай, Бауыржан К. бұрын екі рет – “Қарақшылық” және “Ұрлық” баптары бойынша сотталған. Ол пробация бақылауында болып, кейін жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған. Алайда сот шешімі уақытылы орындалмаған. Осы себепті судья құқық қорғау органдарына жеке қаулы шығарды.
Судья Жәнібек Сейтжаппаровтың мәліметінше, сотталушының бұрынғы жазасының 2 жылы жаңа жазаға қосылып, жалпы 20 жыл мерзім белгіленді. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесінде өтейді.
“Жәбірленуші 25 млн теңге моральдық шығын сұрады. Сот моральдық шығын 10 млн теңге деп белгіленді. Сонымен бірге өкілдің шығыны 800 мың теңгені де өндіру қарастырылады”, – деді судья Жәнібек Сейтжаппаров.
Сот үкімімен келіспеген тараптардың екеуі де апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
"Ақыл-ойы кемістігін пайдаланып алдаған": Жамбыл облысында зорланып, жүкті болып қалған оқушының анасы 6 айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр