"Қатты ауырып жатыр": Жанқош Тұраровтың әлі күнге дейін тергеуге бармағаны белгілі болды
Қыз зорлады деп айыпталған танымал боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова боксшының тергеуге келмегенін айтты.
“Әнарудың ісіне келсек, тергеу органы жанын салып, істі жан-жақты зерттеп жатыр. Тергеуші де, полиция бөлімінің басшысы да жаңадан тағайындалған. Алайда Жанқош Тұраров кімге сеніп жатқанын білмейміз, күнде қырық сылтау айтып, шақырғанға келмейді. Біресе адвокаты қалада емес, біресе өзі "қатты ауырып жатыр-мыс". Әйелі айтқандай, "аппақ" болса, келіп, өз уәждерін айтып, дәлелдерін ұсынбай ма? Оны мәжбүрлі түрде алдырту туралы талап қойдық", –деп жазды Ахатова.
Еске салсақ, бұған дейін боксшы Жанқош Тұраровтың қыз зорлады деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Алайда боксшы желідегі парақшасында ақпаратты жоққа шығарды.
Ал Жанқош Тұраров зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлі есімді ару танымал композитордың қызы болып шықты.
Одан кейін Алматы полиция департаменті боксшыға қатысты қылмыстық іс 2024 жылдың 20 қазанында тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Бірақ жәбірленуші Әнару Құрманалиеваның адвокаты Ләззат Ахатова іс қайта қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыстық істің қысқартылғаны туралы қаулы жарты ай бойы берілмеген.