Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қатын, аузыңды жапшы": Таразда депутатты соққыға жыққан адамның әйелі жанжалға не себеп болғанын айтты

Фото: Видеодан скрин

Таразда Алматы облысы Іле аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Байғазиевтің дәмхананың бірінде соққыға жығылуына байланысты күдіктінің әйелі бейнежазба жариялады. Видеода ол жанжалдың неден басталғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйелдің айтуынша, ол даудың арты төбелеске ұласуына депутат Нұрлан Байғазиевтің өзі себеп болған.

“2025 жылы 13 мамыр күні сағат 18:00 шамасында күйеуім, 10 жастағы қызым мен 22 күндік сәбиемді алып “Ғибрат” мейрамханасына бардық. Біз отырған үстелге Нұрлан Байғазиев келіп сәбиім жатқан жерде жоғарғы жағындағы тоққа телефонын қуаттауға қойды. Мен сыпайы түрде “Аға, басқа жаққа қоясыз ба? Телефон құласа баламның басына тиеді. Оның үстіне қуаттағыш денсаулығына зиян” дедім. Ол кісі 1-2 секунд үндемей тұрып, “мен қайда қоятынымды өзім білемін. Бұл қоғамдық жер, қоғамдық тоқ. Құламайды, өзім жауап беремін” деді. Күйеуім де “Бауырым, сізге өтініш айтып тұр ғой. Басқа жерге қойсаңшы” деп өтініш жасады. Байғазиев: “Сен кімсің? Араласпа! Сен менің кім екенімді білесің бе?” деп үгейе түсіп, балағат сөздер айта бастады. Сонда күйеуім: “Қойсаңшы, басқа жаққа қой” деп талап етті”, – дейді күдіктінің әйелі.

Сол сәтте әңгімеге депутаттың жанындағы ер адам араласып, жағдайды одан сайын ушықтырған.

“Байғазиевтің жанындағы Бауыржан Абдрайымов деген ер адам келіп, жанжалды басудың орнына “Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе? Ол – депутат, адвокат” деген сөздерді айтты. Сонда депутат Нұрлан Байғазиев телефонның камерасын қосып, провокациясын жалғастырды. Нұрлан Байғазиев камера қосқаннан, балағат сөздерін тыйым, провокацияға көшті. Сонда дәмхана әкімшілігі шығып: “Аға, мұнда телефон қоюға болмайды. Сіз мына кісілерге кедергі келтіріп тұрсыз. Беріңіз, телефоныңызы қуаттап берейін” дегенде, ол “Бермеймін, дәл осы жерде қуаттаймын. Телефонымды жоғалтасың” деді. Сөйтіп жанжал үдей түсті. Күйеуім оған өзі қалай сөйлеп тұрса, солай жауап берді. Екеуі біраз жерге барды. Сонда Нұрлан Байғазиев: “Ей, мен сенімен еркекше шықсам, сені ұйықтатып тастаймын ғой. Мамалатамын, тізерлетемін” деп провакацияға шақырды. Мен жағдайдың ушығып жатқанын көріп, “Ареке, қоя салыңызшы” деп едім, Нұрлан Байғазиев: “Ей, қатын, аузыңды жапшы-ей” деп дөрекі сөйледі. Күйеуім мені қорғап, оны сол қолымен бір ұрып, соққы жасады”, – дейді келіншек. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Таразда Алматы облысы Іле аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Байғазиевтің аяусыз соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады. Полицейлер бұл деректі растады. Депутат өзіне тап берген адамның қолында кастетке ұқсас зат болғанын және бұл әрекетті өзіне жасалған қастандық болуы мүмкін екенін атап өтті.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 19 Мамыр, 2025 16:43
Талқылау