Катар банкі "Бәйтерек" ұлттық холдингіне тиесілі екінші деңгейлі банкті сатып алуға ниетті
Катарлық Lesha Bank "Бәйтерек" ұлттық холдингімен қазақстандық банкті ықтимал сатып алу туралы келісімге отырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Baiterek.gov
Катар қор биржасының ресми сайтында катарлық Lesha Bank инвестициялық банкінің 2024 жылдың 14 ақпанында қазақстандық банкті сатып алу туралы келісімге отырғаны хабарланды. Алайда қаржы институтының нақты деректері көрсетілмеген.
Инвестор банктің барлық жарғы капиталына ие болатыны белгілі. Сондай-ақ мәміле тараптардың болашақта жасалатын түпкілікті келісімшарттарына байланысты екені атап өтілген.
Холдингтің қоржынында Bereke Bank, Отбасы банк және даму банкі бар. Алайда хабарламада нақты қай банкті сатып алып жатқаны айтылмаған.
Lesha Bank (бұрынғы Qatar First Bank) – шариғат қағидаларына сәйкес келетін, Катардың қаржы орталығын реттеу басқармасынан мақұлдау алған алғашқы тәуелсіз банк.
Еске салайық, бұған дейін "Қазақтелекомға" тиесілі Tele2 және Altel катарлық инвесторларға өтетіні туралы хабарлаған едік.