"Кастетпен ұрып, тепкілеген": Астанада науқасты тұншықтырып өлтіремін деп қорқытқан полицейге қатысты тексеріс басталды
Фото: Видеодан скрин
Астана полиция департаменті 18 жастағы жігітті өлтіремін деп қорқытқан қызметкерге қатысты тексеріс жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 19 маусым күні кешкі уақытта болған. 6 және 18 жастағы ұлдардың анасының айтуынша, ойын алаңында оның ұлына басқа бір бала агрессия танытқан. Үлкен ұлы бауырын қорғап, әлгі баланы сәл итеріп "бұлай жасауға болмайды" деп ескерткен. Артынша ол баланың анасы келіп, екі балаға балағат сөздер айтқан. Одан кейін әкесі шығып, 18 жастағы жасөспірімді итеріп, мойнынан қысып, беті мен басына кастетпен бірнеше рет соққы жасап, кеудесінен тепкен.
Салдарынан жас жігіт есінен танып қалған. Кіші ұлы да жарақат алған. Оған плеврит (өкпеде сұйықтық жиналатын қабыну ауруы) диагнозы қойылған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Динара Шамшекованың айтуынша, жігіт арыз жазғаннан кейін оның палатаcына өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған адамдар келген. Олар жігітке егер арызын қайтарып алмаса, тұншықтырып өлтіретінін айтып, қорқытқан.
"Есіл аудандық полиция басқармасы бұл жағдай бойынша Бұзақылық ниетпен қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді. Полиция қызметкерінің заңсыз әрекеттеріне байланысты қызметтік тексеру тағайындалды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы ойын алаңында ер адам інісіне араша түскен жасөспірімді қан жоса қылып ұрып тастағаны туралы жазған едік.