Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Каспийдің тартылуына байланысты 5 миллион қазақстандық экологиялық босқынға айналады": Депутат дабыл қақты

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Атырау және Маңғыстау облыстарындағы экологиялық жағдайдың күрт нашарлағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттың айтуынша, өңір тұрғындары арасында өмір сүру ұзақтығының қысқаруы және онкологиялық аурулардың өсуі байқалады.

Қазірдің өзінде экологиялық жағдайдың қолайсыздығының салдарын анық көріп отырмыз. Өмір сүру ұзақтығы қысқарып, онкологиялық аурулардың саны артуда. Бұл процестер – қоршаған ортаның ластануының тікелей салдары", – дейді Пономарев.

Сондай-ақ депутат экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты болашақта орын алуы мүмкін жаппай көші-қонның ауқымы жөнінде ескерту жасады. 

"Жақын арада "экологиялық босқындар" деген ұғым пайда болады. 2040 жылға қарай Қазақстанда бес миллионға жуық адам экологиялық жағдайға байланысты туған жерлерін тастап, қоныс аударуға мәжбүр болуы мүмкін", – деді депутат. 

Депутаттың айтуынша, экологиялық қауіптің негізгі ошағы – Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігі.

"Каспий теңізі өнеркәсіптік қалдықтардан, тазартылмаған ағын сулар мен мұнаймен ластанудан зардап шегіп отыр. Бұл теңіздегі флора мен фаунаға тікелей зиянын тигізуде", – деді Пономарев.

Депутат Каспий теңізінің тартылып бара жатқанына ерекше назар аударды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2006 жылдан бері су бетінің аумағы 31 мың шаршы шақырымға қысқарған. Бұл өзгерістің негізгі соққысы Каспийдің Қазақстанға тиесілі солтүстік бөлігіне тиген.

Депутат Каспий теңізін құтқару және өңір экожүйесін қалпына келтіру бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге шақырды.

"Бізге қатаң экологиялық саясат, тазарту құрылыстарын жаңғырту, өндірістік қалдықтарға бақылау орнату және ресурстарды жабайы түрде пайдалануды тоқтату қажет. Егер қажетті шараларды қабылдамасақ, Каспий теңізі балықсыз, жануарсыз, өсімдіксіз және адамсыз улы шалшыққа айналады", – деді депутат. 

Еске салсақ, бұған дейін су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Каспий теңізінің деңгейі тарихи минимумға жеткенін мәлімдеген еді. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 22 Сәуір, 2025 19:41
Талқылау