Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылуынан келген шығын көлемі 1,5 миллиард теңге болған
Маңғыстау облысында итбалықтардың жаппай қырылуына байланысты Каспий теңізінің жағалауында тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Гидробиология және экология институты
Жайық-Каспий өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының маманы Андрей Руцкийдің сөзінше, 23 қарашада итбалықтың өлексесі табылмаған. Сондықтан оң болжамға үміт бар дейді. Оның үстіне өңірде желдің бағыты өзгерген.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, теңіз жануарларының қырылуынан келген шығын 1,5 миллиард теңгеге бағалануы мүмкін.
"Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017 жылғы бұйрығына сәйкес бір итбалықтың құны 193 АЕК (712 мың 556 теңге). Бұл соманы 2 000 итбалыққа көбейткенде 1 миллиард 425 миллион 112 мың теңге болады”, – деді ол.
Қазіргі уақытта итбалықтардың жаппай қырылуының себептері анықталып жатыр.
Қозыбақовтың сөзінше, кінәлілерді заң аясында жазалап, келтірілген шығынды өтеуді талап ету керек.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстаулық фотограф Азамат Сәрсенбаев желідегі парақшасында Түпқараған ауданына қарасты Баутин ауылында дауылдан кейін 150-ден аса итбалықтың өлекселері шығарылғанын жазған еді. Кейіннен 2 мыңға жуық итбалықтың өлексесі табылған.