Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий маңынан 2000-дай итбалықтың өлексесі табылды

Каспий теңізінің жағалауында 2 мыңға жуық өлі итбалық табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Фото: Гидробиология және экология институты

"Жайық-Каспий" өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің мәліметінше, 24 қазан мен 18 қараша аралығында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында ғана Каспий жағалауынан 1155 итбалық өлексесі табылған.

"Комиссия 18 қарашада Маңғыстау облысының жағалау сызығын – Құлалы, Морской, Подгорный, Новый аралдарын, сондай-ақ Қаражанбас және Қаламқас аудандарын тексерді. Осы аумақты зерттеу нәтижесінде тағы 834 итбалық өлексесі табылды. Визуалды тексеру кезінде барлық өлексе езіліп кеткен, сондықтан 24 қазаннан бастап жалпы патологиялық материал жинау мүмкін болмады. 18 қарашаға дейін 1989 өлексе табылды", – деп хабарлады инспекциядан.

Астанадағы ұлттық ветеринариялық референт орталығында жұқпалы аурулардың бар-жоқтығына зерттеу жүргізіп жатқан ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері пастереллез, сальмонеллез, листериоз, құс тұмауы сияқты бірқатар жұқпалы ауруларды жоққа шығарды.

Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова теңіз жануарларының қырылуының ықтимал себебі теңіз ортасының ластануы болуы мүмкін деп есептейді.

Ресми деректерге сәйкес, Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу жағдайлары 2000 жылдың басынан бері тіркелген. 24 жыл бұрын 10 мыңға жуық өлі итбалық анықталып, олардың өлімінің себебі созылмалы токсикоз деп аталды.

Талқылау