Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий құбыр консорциумына шабуылдауды қолдап пікір жазғандарға қылмыстық іс қозғалды

Фото: pixabay.com

Каспий құбыр консорциумына шабуылдауды қолдаған және соған шақырған пікірлерге байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың депутаттық сауалға берген жауабында айтылды. Аталған дерек бойынша ұлтаралық араздықты қоздыру бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Әңгіме КҚК нысандарына шабуылды қолдаған және соған үндеген азаматтардың әлеуметтік желілердегі пікірлері туралы болып отыр.

Қазір құқық қорғау органдары бұл жазбалардың авторларын анықтап, дәлелдемелер жинап жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша Бас прокуратура түпкілікті құқықтық баға беріп, процессуалдық шешім қабылдамақ.



Бұған дейін мәжіліс депутаты Айдос Сарым Бас прокурор Берік Асылов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдап, КҚК нысандарына соққы жасауға жария түрде шақырған әрекеттерге қылмыстық-құқықтық баға беруді ұсынған еді.

Еске салсақ, 29 қарашада Каспий құбыр консорциумының Теңіз терминалына тағы бір шабуыл жасалып, салдарынан сыртқы айлақтық құрылғы ауыр зақымданған еді. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

STAN.KZ
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 17:28