Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Kaspi, Forte және басқа да банктер ұйымдасқан қылмыстық топ ісі бойынша мәлімдеме жасады

Фото: Depositphotos.com

Kaspi Bank, Forte Bank, Еуразиялық банк және Alatau City Bank, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының қолдауымен, бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған банктер Ақмола облысында банк қызметкерлері адамдарды ұрлап, оларға 3,7 миллиард теңге несие рәсімдегені туралы ақпаратқа пікір білдірді. 

"2025 жылы 2 қыркүйекте Ақмола облысының прокуратура органдары банктердің қызметкерлері қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ жөнінде ақпарат таратты. Алайда банктерге прокуратура органдарынан олардың бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлері осы істің фигуранттары екені туралы ресми хабарламалар түскен жоқ. Қазір банктер бұл іс бойынша ақпарат алу үшін прокуратура органдарына ресми сұрау жолдауды жоспарлап отыр. Әзірге банктердің қолында бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің осы қылмыстық іске қатысы барын растайтын деректер жоқ", – делінген хабарламада. 

Олар ақпарат ресми құжаттармен расталған жағдайда, құқық қорғау органдарына тергеу жұмыстары үшін көмектесетінін жеткізді. 

"Жарияланған ақпарат ресми құжаттармен расталған жағдайда, барлық банк клиенттердің құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты кез келген құқықбұзушылықты тергеу барысында құқық қорғау органдарына барынша қолдау көрсетуге дайын. Аталған банктер өздерінің іскерлік беделін жоғары бағалайды. Өз қызметін Қазақстан заңдарына, өзге де юрисдикция талаптарына, халықаралық келісімдер мен уәкілетті органдардың нормативтік-құқықтық актілеріне, ішкі нормативтік құжаттарына толық сәйкес, ашық түрде жүзеге асырады", –делінген хабарламада. 

Қаржы қауымдастығы прокуратура мен құқық қорғау органдарын қаржы ұйымдарының беделіне зиян келтірмеу үшін мұндай маңызды тақырыптарды таратуда мұқият болуға шақырды

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда банк қызметкерлері адамдарды ұрлап, оларға 3,7 миллиард теңге несие рәсімдегені туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 04 Қыркүйек, 2025 11:51
Талқылау