Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік кондитер "Қайрат" футбол командасына торт жасап, жерлестерінің сынына ұшырады

самал торт Фото: https://www.instagram.com/aktobe_otbasy/

Ақтөбелік кондитер, кәсіпкер Самал Асанованың басы дауға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жақында ақтөбелік кәсіпкер продюсер Баян Мақсатқызы ұйымдастырған “Алтын ханым” байқауының жеңімпазы атанған. Ол – "Samal_cakes" кондитер үйінің иесі.

Кәсіпкер келіншек жақында өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчында жерлестеріне қолдау білдіріп, торт пісіріп, жеке парақшасына жүктеді. Бұл әрекет ақтөбелік жанкүйерлердің ашуын туғызды.

“Ақтөбеде футбол – жай ғана ойын емес, ол ақтөбеліктердің ажырамас бөлігі. Ақтөбеден шыққан кәсіпкердің мұндай әрекеті орынсыз әрі лайықсыз деп санаймыз. Біз өз ұстанымымызды өткінші хайпқа айырбастамаймыз! Біздің түс ақ пен қызыл ғана және тек “Ақтөбе” командасы. Торттарын Алматыға жіберіп сатсын. Бойкот жариялаймыз”, – деп жазды жанкүйерлер.



Даудан кейін кәсіпкер әйел жеке парақшасындағы жазбаны өшіріп, халыққа үндеу жасады.

“Бұл видеоны түсіргендегі жалғыз ниетім – Қазақстан атынан шығып жатқан командамызға қолдау көрсету еді. Ол жерде қандай да бір клубқа қарсы көзқарас немесе өз туған қалам Ақтөбеге деген құрметсіздік болған жоқ, болмайды да! Мен өзім Ақтөбенің қызы, нағыз ақтөбелікпін. Мен әрқашан өз қаламды құрметтеймін. Шыны керек, менің мүлдем футбол әлемінен хабарым жоқ. Бұл видео – тек еліміздің атын әлемге танытып жатқан “Қайрат” клубына сәттілік тілеу еді. Ешкімді ренжіткім келмеді. Егер сөзім немесе әрекетім біреуге ауыр тиген болса, кешірім сұраймын. Хейт жазып жатқан барлық жандарға айтарым, осы жағдайды бейбіт түрде, бір-бірімізге деген сыйластықпен шешкім келеді. Біз бәріміз бір елдің азаматтарымыз. Қазақстан спорты дамыса, бәріміз үшін мақтаныш емес пе?! Сіздерге көп рақмет! Түсіністікпен қарайды деп үміттенемін”, – деді Самал Асанова.

Гүлдана Нұрлыханова
Бейсенбі, 11 Қыркүйек, 2025 12:20
Талқылау