"Кәсіпкер әйелдерді қолдайтын орталық бар": Түркістан әкімдігі гендерлік теңдік шараларын қалай іске асырып жатыр
Түркістан облысында гендерлік саясатты қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің әйелдер және отбасы мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі тағайындалды. Сондай-ақ әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыс әкімі аппаратының инспекторы екі гендер теңдігін қамтамасыз етуді қолға алған.
Фото: Freepik.com
Биыл Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамы қайта құралып, оған әртүрлі саланың мамандары қосылған. Жауапты өкілдің мәлімдеуінше, құрам ауысқаннан кейін гендерлік саясат бойынша прогресс байқалып, түрлі шаралар іске асты.
Мәлімдеулерінше, облыс көлеміндегі әйелдер және отбасы бойынша өзекті мәселелер комиссия отырыстарының күн тәртібіне енгізілді.
“Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің арасынан жедел іс-қимыл жасап, түрлі дағдарыстық жағдайларға ден қою жөніндегі үйлестіру тобы құрылып, комиссия төрағасымен бекітілген. Үйлестіру тобының жағдайды шешу бойынша басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және қызметтермен өзара іс-қимыл жасау тетігін әзірленіп, бекітілді”, – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында нақты жұмыс жүргізіліп, басқа мемлекеттік органдары мен үкіметтік емес ұйымдарымен бірқатар ұйымдық іс-шаралар жүзеге асырылды.
"БҰҰ-әйелдер" және ЮНФПА ұйымдастыруымен мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында гендерлік теңсіздік, гендерлік кемсіту, гендерлік құзыреттіліктердің негізгі ұғымдары бойынша тренинг және оқу-жаттығулар өткен.
Биыл 26 қарашада Түркістан қаласында "БҰҰ-әйелдер" құрылымы және гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсы, мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, президент жанындағы әйелдер істері жэне отбасылық-демографиялық, саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өзін-өзі қорғау тренингі болған. Онда қыз-келіншектерге "Empowerment through Self-Defense" әдістемесімен өзін қорғау жолдарын үйретті.
Экономикадағы гендерлік теңдік
Түркістан облысындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мәлімдеуінше, әйелдер бизнес саласында жемісті еңбектер көрсетіп жатыр. Облыс көлемінде шамамен 213 020 мың кәсіпкер болса, оның 68 000 мыңға жуығы – шағын және орта бизнеске басшылық жасап жатқан әйел азаматтар.
Статистикаға сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің 31,9%-ында әйел адамдары басшылық жасайды. Яғни Түркістан өңірінде жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер – әйел.
“Әйел кәсіпкерлігін қолдау мақсатында еліміздегі алғашқы "Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы" өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласында құрылды. Орталықтың мақсаты – кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау. Бүгінгі күні орталыққа 2000-нан астам кәсіпкер әйелдер, бастаушы стартапер келіншектер кеңес алу үшін жүгінді”, – делінген хабарламада.
Қазір Түркістан облысында 5658 мемлекеттік қызметкердің 1564-і немесе 27,3%-ы – әйелдер. Оның ішінде 249-ы немесе 15%-ы басшылық лауазымдарды атқарады. Ал ең көп әйел азаматтары білімі беру мен денсаулық саласында екен.
Түркістан облысында бизнесті дөңгелетіп жүрген әйелдерді "Қазақстан іскер әйелдер ассоциациясы" ҚБ бір арнаға тоғыстырады. Сондай-ақ кәсіпкер әйелдердің құқығы үшін қызмет ететін "Сана сезім" әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы" ҚБ бар.
Түркістандағы дағдарыс орталығы
“Түркістанда "Сенім-Ай" ҚБ-нің "КӨМЕК" дағдарыс орталығы бар. Әкімдік дағдарыс орталығымен тығыз байланыс орнатып, әйелдер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жиі кездесіп, пікір алмасады. Жәбірленген қыз-келіншектерге құқықтық көмек көрсетіп, зорлық-зомбылықтың түрін талдап, категориясын анықтап, медициналық және психологиялық кеңестер беріліп жатыр”, – деді комиссия мүшесі.
Айтуынша, жергілікті жерлерде үкіметтік емес ұйымдармен 2024 жылға арналған бірлескен жұмыс жоспарлары бекітілген. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау үшін тұрғындарға зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ақпарат ұсынылады дейді.
“Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау жұмысының тиімділігін арттыру бойынша мүдделі органдармен, үкіметік емес ұйымдармен, қоғамдық кеңестермен жұмыстың ұйымдастырылуы мен жүзеге асырылуы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының қатаң бақылауында”, – дейді комиссия өкілі.