Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қашаған ісі: Қазақстан 2,3 триллион теңгелік дауды сотта жалғастырып жатыр

Фото: freepik.com

Қазақстан триллион теңгеге бағаланатын арбитраждық дауларға қатысып жатыр. Олардың бір бөлігі жабық режимде өтуде. Осындай ең ірі даулардың бірі 2,3 триллион теңге көлеміндегі North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бәрі неден басталды?

Бұл дау күкіртті сақтау лимитінің асып кетуіне байланысты экологиялық мәселеге қатысты. Мемлекет мүддесін Экология министрлігі мен Әділет министрлігі қорғап жатыр. Әділет вице-министрі Даниель Ваисовтың айтуынша, Қазақстандағы бірінші инстанция соты өтіп, мемлекет пайдасына шешім шығарған.

“Қазақстанның ұстанымы заңды деп танылды. Алайда алты мердігер компания наурыз айында апелляциялық шағым түсірді. Қазір іс апелляция сатысында қаралып жатыр”, – деді вице-министр Сенат кулуарында.


Қашаған дауы: Мұнай алпауыттары 4,6 миллиард доллар айыппұл үшін Қазақстанмен соттасқалы жатыр


КҚК-дегі зақымға байланысты: Қазақстанның Қашаған кен орнынан мұнай бөлігін Қытайға жеткізетіні туралы ақпарат тарады


Заңбұзушылықтар 2022 жылы Қашаған кен орнында жүргізілген тексеру кезінде анықталған. Экологтар North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясы шамамен 1,2 миллион тонна күкіртті нормадан артық сақтағанын анықтады. Осыған байланысты компанияға 2,3 триллион теңге көлемінде айыппұл салу мәселесі көтерілген.

Компания тексеру нәтижелерімен келіспей, сотқа жүгінген:

  • 2023 жылдың маусымында Астана соты талаптың бір бөлігін қанағаттандырды;
  • 2024 жылдың ақпанында апелляция мемлекеттік органның ұстанымын қолдап, тексеруді заңды деп таныды.

Алайда кейін жағдай өзгерді. 2025 жылдың тамызында Астана соты экология органдарының нұсқамасын “мемлекеттік орган тарапынан жіберілген процессуалдық бұзушылықтарға байланысты” заңсыз деп таныды. Қазір іс қайтадан апелляцияда қаралып жатыр. 

Вашингтондағы арбитраж

Сонымен қатар мердігер компаниялар халықаралық арбитражға талап-арыз берген. Ол күкіртті сақтау талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан салған шамамен 5 миллиард доллар (2,5 трлн теңге) айыппұлға қатысты.

Іс Вашингтон қаласындағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықта (ICSID) қаралады. Қазір арбитраждық трибунал құрамы жасақталып жатыр. 

Айта кетейік, консорциум құрамына жеті ірі халықаралық энергетикалық компания кіреді:

  • “ҚазМұнайГаз” – 6,88%
  • Eni – 16,81%;
  • Shell – 16,81%;
  • ExxonMobil – 16,81%;
  • TotalEnergies – 16,81%;
  • CNPC – 8,33%;
  • INPEX Ltd. – 7,56%. 

Талап-арызды “ҚазМұнайГаздан” басқа барлық қатысушылар берген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан үкіметі Қарашығанақ ісінде шенеуніктердің пара алғанын арбитражда растағанын жазған едік. Стокгольмдегі құпия шешім бойынша ел даулы шығындардың бір бөлігі бойынша жеңіске жетіп, 2-4 миллиард долларды қайтаруды көздеп отыр. Іс Назарбаев кезеңіндегі сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысты және соңғы шешім жыл соңында жарияланбақ.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 14:17