Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қасақана ұйымдастырылған шабуыл": Шымкенттегі кісі өлтіру мен жаппай төбелеске қатысты жаңа дерек шықты

Шымкенттегі төбелес

Фото: egovpress

20 қаңтарда Шымкентте болған жаппай төбелес пен адам өліміне қатысты істің мән-жайы күрделене түсті. Қорғау тарапының мәлімдеуінше, бастапқыда жол-көлік жанжалы ретінде сипатталған оқиға шын мәнінде алдын ала жоспарланған қасақана шабуыл болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шымкентте болған резонансты қылмысқа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бұған дейін сол күні кешке Рысқұлов пен Еримбетов көшелерінің қиылысында жаппай төбелес болған. Қақтығысқа қатысушылардың бірі 40 жастағы Василий Колесников оқиға орнынан ұрланып әкетілген. Кейін оның мәйіті Темірлан елді мекенінен табылды.

Қанды төбелес, бетперде киген адамдар, пышақтар мұның бәрі куәгерлер түсірген бейнежазбаларда көрінеді. Кейбір кадрларда бір ер адамның күшпен көлікке тығылып, сыртқа шығуына мүмкіндік бермей жатқанын байқауға болады. Кейін бұл адамның Василий Колесников екені анықталды.

Марқұмның отбасының адвокаты Талғат Есімов қылмыскерлер шабуылға алдын ала дайындалған деп есептейді.

"Барлық БАҚ бұл жол қозғалысы ережесін бұзудан шыққан жанжал деп жазып жатыр. Бірақ жол ережесінің бұзылуы қасақана ұйымдастырылған тұзақ болды. Ешкім өз көлігін ойлаған жоқ. Нысана Василий Колесников болды, олар оны ұрлап, кейін өлтіруді жоспарлаған, әрі сол жоспарын жүзеге асырды", – деді адвокат.

20 қаңтарда полиция департаментінің басшылығы отставкаға кетті. Ал келесі күні-ақ төрт күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы кадрлар жарияланды. Кейін тағы үш адамның ұсталғаны белгілі болды.

Адвокат Талғат Есімов осы жағдайда Арман Бейсенбаев басқаратын полиция департаменті өте кәсіби жұмыс істегенін айтады.

"Алғашқы тәулікте шамамен бес адам ұсталды. Кейін Түлкібас ауданында тағы үшеуі ұсталды. Тағы бір адам іздеуде. Адамдардың өрескел әрекеттері біздің заманауи қоғамымызға ашық сын-қатер. Президенттің ұстанымы заң мен тәртіп. Сондықтан бұл істі ашық, үлгілі сот процесі ретінде өткізу қажет, біздің позиция тек өмір бойына бас бостандығынан айыру. Мұндай адамдарға қазіргі қоғамда орын жоқ", – деді адвокат Талғат Есімов.

Аталған трагедия бойынша "Адам өлтіру", "Қару қолдана отырып жасалған бұзақылық" және "Адам ұрлау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді ішкі істер министрлігінің орталық аппараты бақылауға алды. Шымкентке криминалдық полиция, тергеу департаменті және өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшылары жіберілді.



Еске салайық, бұған дейін Шымкентте Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болып, ол кейін жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығыс кезінде екі адам ауруханаға жеткізілсе, тағы бір ер адамды оқиға орнынан күшпен алып кеткен. Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері кісі өлтіру және бұзақылық қылмыстарына күдікті ретінде төрт ер адамды анықтап, ұстаған еді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 09:19