Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Google салығынан" кейін жыл басынан бері бюджетке 23,4 миллиард теңге түскен

Қазақстанда "Google салығы" енгізілгеннен кейін мемлекеттік қаржының кірісі артқан. Аталмыш салық қазақстандық тұтынушыларға цифрлық қызметтер көрсететін халықаралық компанияларға әділ салық салуға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Қаржы министрлігі "Google салығы" енгізілген сәттен бастап Қазақстан бюджетіне айтарлықтай кіріс түсіп, бұл кірістер жылдан жылға өсіп жатқанын айтты.

“2022 жылы Қазақстан бюджетіне 10,4 миллиард теңге түсті. 2023 жылы түсімдер сомасы 24,3 миллиард теңгеге дейін өсті. Бұл салықтың мемлекеттік бюджет үшін маңызын көрсетеді. 2024 жылдың осы кезеңіне дейін 23,3 миллиард теңге түсім болды. Бұл көрсеткіштер енгізілген шаралардың тиімділігін растап, одан әрі өседі деген болжам бар. “Google салығы” енгізілген сәттен бастап жалпы 58,1 миллиард теңге қаржы түсті”, – деп мәлімдеді министрлік.

Сондай-ақ Қаржы министрлігі салық салуға жататын халықаралық компаниялардың ішінде цифрлық технологиялар мен медиа саласындағы жаһандық көшбасшылардың тізімін жасады.

  • Google: салық жарнамалық қызметтер көрсеткені үшін және Google Play арқылы қосымшалар мен медиаконтент сатқаны үшін алынады;
  • Apple: компания iTunes және App Store арқылы контент сатқаны үшін, сондай-ақ Apple Music және iCloud қызметтеріне жазылғаны үшін салық төлейді;
  • Netflix: салық ағындық бейне хабар тарату қызметтеріне қолданылады;
  • Amazon: Amazon Web Services (AWS) платформасы арқылы цифрлық тауарлар мен ашық қызметтерді сату салық салуға жатады.

Қазірдің өзінде 80-нен астам халықаралық компания тіркелген. Биыл салық төлеушілер тізіміне тағы 21 компания қосылды. Олардың ішінде Temu, Garmin, Amazon, ИВИ сияқты халықаралық алпауыт компаниялар бар.



“Цифрлық қызметтерге салықты енгізу Қазақстанға тек салық базасын нығайтуға ғана емес, сондай-ақ жергілікті компаниялар үшін әділ жағдай жасауға да мүмкіндік берді. Себебі олар бұрын халықаралық алыптармен тең емес жағдайда болған еді”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстанда "Google салығы" енгізілетіні туралы жазған едік.

Талқылау