Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

қаржаубай нұрымов

Видеодан скриншот

Адвокат Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Адвокаттың айтуынша, аталған іс бойынша қоғамда түрлі әңгіме тарап, тікелей эфирлерде де, журналистер тарапынан да көп сұрақ қойылған.

“Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша көп азаматтар алаңдаушылық білдіріп, тікелей эфирде және басқа да жерлерде, одан қалса журналистер де сұрап жүргендіктен және бұл іске қатысты өсек-аяңды тоқтату үшін осы ақпаратты жариялап отырмын”, – деді адвокат.

Мейірман Шекеевтің сөзінше, осы уақытқа дейін іске қатысты түсініктеме берілмеген, себебі тергеу жалғасып жатқан.

“Осы уақытқа дейін жауап бере алмадық, өйткені іс жалғасып жатты. Десе де осы аралықта атқарылған жұмыстардың арқасында бұл нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын”, – деді ол.

Адвокат Қаржаубайдың айналасында оған қарсы адамдар болғанын да жасырмады.

“Қаржаубайдың кейбір жаулары үнсіздігімізді оны міндетті түрде сотталады деп балап, бақылап жүрді. Отбасын қаралап, түрлі ақпарат таратқан адамдар да болды. Кейбірі мұны тікелей эфирлерде айтып жүрді”, – деді Шекеев.


Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамауға алынды


Алайда бұл істе жәбірленуші тарап болған полиция қызметкерлері адамгершілік танытқан.

“Сол кездегі жәбірленуші болған полиция қызметкерлерінің адамгершілігі биік болды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары істі объективті қарады. Соның нәтижесінде Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 12-тармағына сәйкес тоқтатылды”, – деп жазды адвокат.

Еске салсақ, 5 маусымда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды.

Сот қаулысымен басты күдікті Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша айып тағылды.

2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 14:34