Қарттығыңыз қамсыз болсын десеңіз, зейнетақы туралы бүгіннен бастап ойланыңыз
Фото: unplash.com
Отандастарымыздың өмір сүру жасы ұлғайып келеді – бұл тамаша жаңалық. Демек, халқымыздың әл-ауқатының жақсарғаны болса керек. Бірақ бір мәселе бар – зейнет жасына жеткенде жеткілікті зейнетақы алу. Бір өкініштісі, көп адам зейнетақы – бұл өзінен-өзі келетін, мемлекеттің міндетіндегі шаруа деп ойлайды. Алайда, қария шағымыздың қазыналы болуы үшін бүгіннен бастап қам жасама сақ, ертең кеш болуы әбден мүмкін.
Лайықты зейнетақы деген не?
Лайықты зейнетақы – бұл қартайғанда тек күн көріп қана қоймай, толыққанды өмір сүруге жететін табыс. Халықаралық ұйымдардың есебінше, адам зейнетке шыққанда бұрынғы жалақысының кемінде 40-60% мөлшерін зейнетақы ретінде алуы керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш қазір 41% шамасында – яғни ең төменгі шекте.
Зейнетақы қалай жинақталады?
Бүгінде елімізде үш деңгейлі зейнетақы жүйесі бар:
1. Базалық және ынтымақты зейнетақыны мемлекет төлейді. Оның мөлшері еңбек өтіліне байланысты. Базалық зейнетақы еліміздің әр азаматына берілсе, ынтымақты зейнетақыны тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кем дегенде 6 ай өтілі бар азаматтар ғана алады.
2. Жинақтаушы зейнетақы – азаматтардың және жұмыс берушілердің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударатын міндетті жарналары негізінде қалыптасады. 2024 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) енгізілді.
3. Ерікті зейнетақы жарналары – азаматтар өз еркімен қосымша жарна аударып, зейнетақы жинағын көбейте алады.
Бұл жүйе үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес және зейнеткерлік табысты әртүрлі көздерден қамтамасыз етіп, жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасында бөлуге бағытталған.
Алайда көп жағдайда адамдар жарналарды тұрақты аудармайды, кейбіреулер бейресми жұмыс істейді, тіпті кейбірі баспананы жақсарту үшін жинағын ерте шешіп алады. Мұның бәрі болашақ зейнетақының көлеміне әсер етеді.
Қазірден бастап не істеу керек?
1. Ресми түрде жұмыс істеңіз.
Еңбек шартымен рәсімделген жұмыста еңбек еткен адам ғана зейнетақы жүйесіне толыққанды қатысып, жылына кем дегенде 12 рет жарна аудара алады. Тіпті өзіңізді жұмыспен қамтыған азаматтар санатына жатқызсаңыз да, зейнетақы қорына тұрақты түрде жарна аударуды әдетке айналдырғаныңыз абзал.
3. Жинақтың қалай жұмыс істейтінін түсініңіз.
БЖЗҚ-дағы қаражат жиналып қана қоймай, инвестиция арқылы көбейіп те отырады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін көп жылдар бойы қолданып келе жатқан елдердегі зейнетақы жинағының 70-80% осындай табыстан құралған.Ал Қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қызметіне бар-жоғы ширек ғасырдан сәл асты. Соның өзінде Қордағы зейнетақы жинағының шамамен 40% дәл осы инвестициялық кірістіліктің нәтижесі екенін көп адам біле бермейді.
4. БЖЗҚ ұсынатын құралдарды пайдаланыңыз.
Қордың сайтындағы зейнетақы калькуляторы арқылы болашақта алатын зейнетақыңыздың болжалды есебін жасап, дербес зейнетақы жоспарын құрыңыз. Осы жоспардың орындалуы сіздің мақсатыңызға айналуы тиіс.
5. Қаржылық сауатыңызды үнемі жетілдіріп отырыңыз.
Қаражатыңызды дұрыс басқару – лайықты зейнетақы алудың кепілі. Қажет болса, ерікті жарналар арқылы зейнетақыңызды толықтыра аласыз.
Мемлекет не істеп жатыр?
Халықтың ең сыйлы бөлігі – қарттарымыздың болашағы қазыналы болуы үшін мемлекет те барынша амал-тәсілдер жасап, түрлі жаңалықтар енгізуде:
- 2027 жылға дейін базалық зейнетақы кезең-кезеңімен көбейеді.
- Жұмыс берушілер де енді зейнетақыға қосымша жарна аударады.
- Қазір тіпті азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар мен халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтіндер де зейнетақы жүйесіне қатысуға міндеттелді.
- Азаматтар өз жинақтарын жеке инвестициялық компанияларға басқаруға беріп, көбірек пайда табу мүмкіндігіне ие болды.
Қорытынды
Зейнетақының жеткіліктілігі – тек қаржылық көрсеткіш емес, бұл – әлеуметтік әділдіктің көрсеткіші. Қазақстан бүгінгі күні зейнетақы жүйесін тұрақты әрі әділ ету жолында нақты қадамдар жасауда. Алайда бұл – ұзақ мерзімді жұмыс. Мұнда мемлекет, жұмыс беруші және әрбір азамат күш біріктіруі қажет.
Қазыналы қарттық – бүгінгі күннен басталатын жүйелі жоспар. Ол туралы тек зейнет жасына жақындағанда емес, неғұрлым ерте жастан, еңбекке араласа бастаған сәттен-ақ ойланған жөн.
Жүйелі түрде жарна аудару, қаржылық сауаттылықты арттыру және зейнетақыны саналы түрде жоспарлау – болашақта тек күн көруге емес, қамсыз қарттыққа қол жеткізуге жол ашады.
Зейнеткерлікке нық сеніммен қадам жасау үшін бүгіннен әрекет етіңіз!

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
