"Қарызға баттық": Шымкентте көпқабатты үй салған құрылысшылар төрт айдан бері жалақыларын ала алмай жүр
Шымкентте көпқабатты үй салған құрылысшылар төрт айдан бері жалақыларына жете алмай жүр. 20-ға жуық жұмысшы айлығын даулап прокуратурадан бастап, еңбек инспекциясына дейін арызданған. Алайда бұқараны бір-біріне сілтеп әуре қылған жауаптылар мәселені сол күйі шеше алмады дейді. Ал компания өкілдері болса наразы топты күнде “ертеңмен” тойдырып жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкент қаласындағы Бозарық шағын ауданында мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлерді соққан жұмысшылар 4 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Еңбекақыларын даулап әр есікті қаққан бұқара не еңбек инспекциясының, не сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің "Шебер билд" компаниясына қауқары жетпегенін айтады.
"Бас прокурор Берік Ноғайұлы Асыловқа жаздық. Министрліктің бәріне жазып шықтық. Бәрі еңбек инспекциясына аударып жібереді. Алматы облысының еңбек инспекциясы бізбен хабарласпайды. Тек бір жақты "Шебер билд" компаниясына барады да, бір жақты тексеріп, бір жақты шешім шығарып қоя салады", – дейді "Шебер билд" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Оңласын Жүзенов.
Компанияның өзі жұмысын қаңтар айынан бері тоқтатқан. Алғашында олар жұмысшыларды құрылысты жалғастыратын өзге әріптестеріне тапсырдық деп айтқан екен. Алайда құрылысшылар “бізді жұмысқа алды деген Медина компаниясының көлеңкесін де көрмедік” дейді. Жиналғандардың ең көбі 800 мың теңгесін қайтара алмай жүрсе, ең азы тиесілі екі жүз мың теңгесін талап етеді.
"Енді білмеймін. Қарызға баттық. Осы айлықтан береміз деп азық-түлікті қарызға алып жатырмыз. Айлықты береміз деп ет алып жатырмыз. Бала шаға бар. Әрқайсысы еттің ақшасын бер, дүкендегі қарызыңды төле деп жеп жатыр", – дейді "Шебер билд" компаниясының бұрынғы жұмысшысы Әлішер Ахмедов.
Жұмысшылардың сөзінше, “Шебер билд” пен Медина компаниялары бір бірлестікке қарайды. Бірі Алматы облысында тіркелсе, екіншісі Алматы қаласында тіркелген. Екеуіне де арнайы Шымкенттен бардық деген құрылысшылар уәде беріп қайтарғандарын айтады. Ал көпшілікті жұмысқа алып, 4 ай бойы сенделткен компания қызметкерлеріне қарызды аяқ асты бүгін қайтарған.
"Айлықтары берілді. Ол кісілер маған хабарласпады. Сондықтан менің бақылауымда болған жоқ. Бүгін хабарласты. Бәріне қаржы берілді", – деді "Медина" ЖШС филиал директоры Жахангир Баубеков.
Айта кетейік, Алматы облысының еңбек инспекциясы “Шебер билд” компаниясына айыппұл салғанын айтты. Сондай-ақ Медина компаниясына қатысты істі Алматы қаласының еңбек инспекциясына тапсырғанын жеткізді. Олар болса қазір соңғысына қатысты тексеру басталғанын мәлімдеді.