"Қарыз 4 миллиард теңгеге өсті: Экс-министр Мұхамедиұлының жұбайы президенттен көмек сұрады
Фото: Видеодан скрин
Сотталған бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының әйелі күйеуі келтірген шығынды мемлекетке өтей алмайтынын мәлімдеді. Себебі отбасының қарызы тағы 4 миллиард теңгеге өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұхамедиұлының жары Ғалия Ысқақова видеоүндеу жолдап, сот шешімдерін "заңсыздық" деп атады. Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кінәлілерді жазалауды сұрады.
Ысқақованың айтуынша, сот Мұхамедиұлын мемлекетке келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді. Бірақ ол қарызын өтей алмайды. Себебі басқа сот оны “Дипломат” қонақүйінің иесі қазақстандық Серік Қарымсақовқа 4 миллиард теңге төлеуге міндеттеген. Үкімге сәйкес, Мұхамедиұлы басқа істермен қатар, осы қонақүйді басып алуға әрекеттеніп, жарғылық капиталдың 29 пайызын тартып алуға әрекеттенгені үшін сотталған.
Ысқақова бәріне Серік Қарымсақов пен Арман Байқадам есімді екі азаматты кінәлайды. Ол Қарымсақовтың "Дипломат" қонақүйін сот арқылы екі рет сатып, екі рет өзіне қайтарып алғанын алға тартып отыр.
Оның айтуынша, 2019 жылы Қарымсақов қонақүйді 2,5 миллиард теңгеге сатқан. Содан кейін ол қонақүйді сатпағанын айтып, сот арқылы мүлікті қайтарып алған.
Дәл осы азамат 2020 жылы анасына қонақүй кіретін "Актерек LTD" ЖШС жарғылық капиталындағы 71 пайыз үлесін 2,7 миллиард теңгеге сатып жіберген. Ал 2022 жылы Қарымсақов Мұхамедиұлының үстінен арыз жазып, қонақүйді қайтарып алған. Қонақүйді өзіне аударып алған Қарымсақов Мұхамедиұлы отбасына 2,7 миллиард теңге бермеген. Сондықтан Ысқақова ақшаны қайтару үшін сотқа шағым түсірген. Бірақ сот барысында кенеттен оның отбасының Арман Байқадамға 4 миллиард теңге қарызы бар екені белгілі болды. Байқадам Қарымсақовпен ақшалай талапты тағайындау туралы келісімге қол қойған. Осылайша Қарымсақов Ғалия Ысқақовадан, оның анасы мен күйеуінен қомақты соманы талап ету құқығын алған.
Оның айтуынша, бұл оқиға ойдан құрастырылған. Сотта Байқадам Қазақстанда биткоиндарды айналымға шығаруға тыйым салынғанымен, Мұхамедиұлына 4 миллиард теңге биткоин аударғанын мәлімдеді.
Нәтижесінде Ысқақова бірінші сатыдағы сотта жеңіске жетіп, қонақүй үшін 2,7 миллиард теңгені қайтарып, ақшалай талапты басқаға беру туралы келісімді жарамсыз деп таныды.
Бірақ Қарымсақов пен Байқадам тайынбай, аппеляциялық шағым түсіріп, екінші сатыдағы сот олардың жағына шыққан. Осылайша Мұхамедиұлының отбасынан 4 миллиард теңгені бірігіп Қарымсақовтың пайдасына өндіру туралы шешім шығарған.
"Мен судьялар алқасына күйеуіме келтірілген материалдық шығынды мемлекетке өтеу үшін Қарымсақовтан өндірілген соманы қажет ететінін хабарладым. Бірақ бұл апелляциялық сот алқасының Қарымсақовтың заңға қайшы келетін жеке мүддесін жақтауына кедергі болмады", – деді әйел.
Ол президенттен "заңсыздықты тоқтатуды" және Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске, Ішкі істер министрлігіне Қарымсақов пен Байқадамның әрекетін мұқият тексеруді тапсыруды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Мұхамедиұлына тиесілі құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланған мектеп мемлекетке қайтарылғанын жазған едік. Алматы прокуратурасының мәліметінше, мектеп құны – 1,2 миллиард теңге. Бір жылдан аса уақыт тергелген Арыстанбек Мұхамедиұлы сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Артынша "Дипломат" қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алды деген қосымша айып тағылды. Миллиардтаған қаржы жымқырып, жекеменшік мектепті заңсыз иемденді деп айыпталған Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға сотталған еді. Оған екі эпизодты қамтитын қылмыстық іс бойынша үкім шықты.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
