Қарияларға дейін ұстап отыр: Еліміздегі қазақтар Қытайдағы туыстарына қандай қысым көрсетіліп жатқанын айтты
«Қытайдағы қандастарымыз қысым көріп жатыр, ол жаққа кеткен адамдардың қайта Қазақстанға оралуы қиын» деген мазмұндағы шағымдарды әлеуметтік желіден жиі оқып жүрміз. Кейбіреулер «бұл – жалған ақпарат» дейді. Ал, ресми орындар ешбір мәлімдеме жасаған емес. Ал, шын мәнінде, ондағы қандастарымыздың жағдайы қалай екен?
Бір ғана Алматының өзінде «туысымыз Қытайға кетіп, қайта алмай қалды деген бірнеше отбасы мүшелерімен тілдестік, деп хабарлайды 31 арна.
Анасын, баласын, бауырын іздеген адам көп. Бірақ олардың Қытайдағы «Саяси үйрену» мектебінде білім алып жатқаны рас па? Ол не мектеп?
Қытайға кетіп, қайтпай қалды деп, анасына, баласына, күйеуіне іздеу салатындар неге көбейіп кетті?
Қытайда қарияларды қайта оқытып жатқаны рас па?
Көрші елдегі «Саяси үйрену» ұйымы деген не?
Алматылық Анар Сейдахмет «Бір ай бұрын үлкен ұлыммен Қытай еліне кеткен күйеуімнен хабар ала алмай отырмын» дейді. Айтуынша, жолдасы Ерсінбек Құрмет – Қазақстан азаматы, Қытайда ота жасалған ұлын ондағы дәрігерлерге көрсетіп қайту үшін, 9 қаңтар күні елден кеткен екен.
“Баламның денсаулығына алаңдап жатырмын. Жолдасымның денсаулығына байланысты кеткен. Барлығымыз. Бір баламен мын жақта жалғыз қалдым. Біздің де жағдай қиын. Сыртқы істер министрлігінің бұл істі тезірек шешіп беруін үміт етемін”, дейді Алматы қаласының тұрғыны Анара Сейдахмет.
Анардың алаңдап отырғаны – бір-екі күнде күйеуі мен ұлының Қытайдағы визасының да уақыты бітеді екен. Алайда, күйеуіммен тілдеспек түгілі, аман-есендігін біле алмай отырмын, – дейді. Бар білетіні – «Саяси үйрену» аталатын мектепке алып кеткенін сондағы туыстары айтқан. Әйтеуір, аман-есен. Ұлы да сол жақтағы жақындарының қолында екен. Ол хабарды да арызданып жүріп, Қазақстанның Үрімжідегі консулдығының араласуымен білдім дейді. Қытайға кеткен күйеуімнен хабар ала алмай отырмын деген тағы бір азамат Жұмагүл Мұратбай.
“Папам кемеді, қай уақытта келеді? Мен ұқпаймын оны. Балалар да сағындық деп жылайды. Менің де амалым жоқ”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Жұмагүл Мұратбай.
Өткен жылдың қазан айында Қытайға кеткен күйеуіммен сол кезден бері телефон арқылы да тілдесе алмадым дейді Жұмагүл. Қазақстанға көшіп келгенімен, азаматтық алып үлгермеген жігітті үйінде үш баласы күтіп отыр. Ал, бұл кісі анасын іздейді. Бала-шағасы Қазақстанға қоныс аударғанымен, бауырлары Қытайда қалған анасы мен әкесі Қытай азаматтығымен жүріпті. Мұндағы ықтиярхат мерзімі біткендіктен қазан айында Қытайға кетіп, қайтып келмеген.
“Қазан айының 16 күні мамамды саяси ұйымға алып кіріп кеткендігін естідік. Не себепті деп едік, телефоннан ватсап желісі табылғанын айтты. Оның ішінен не тапқанын біз білмейміз”,- дейді Алматы қаласының тұрғыны Роза Қызырбекқызы.
Айбүбінің де айтуынша, ата-анасы, күйеуі Қытайға кетіп, қайта алмай қалған екен. Үшеуі де Қытай азаматы.
“Шақыртып алды да содан жіберген жоқ”, – дейді.
Жалдамалы пәтерде тұратын үш балалы келіншек, балаларды баға алмай, интернатта оқытып жатырмын дейді.
“Қиналдым біраз. Үш балам бар интернатта. Кішісі екі жаста, оны көре алмаймын да әжесінің қолында”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны АйбүбіҚожамқұл.
Айта кету керек, маусым айында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде, дәл осы мәселені Германия қазағы көтерген-тін. Сол кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені бұрын білмегенін, енді бақылауына алатынын айтқан болатын.
“Қазақтарға жасалып жатқан қиянат дегенді енді естіп отырмын. Бар болса, біз елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы тиісті көңіл аударатын боламыз”, – деген болатын елбасы.
Саясаткер Дос Көшім мырза болса, сол уақыттан бері бұл жағдайға қатысты Сыртқы істер министрлігі мәселені дұрыс түсіндірмей отыруы елді одан ары ашындырып отыр дейді. Өзге елдің саясатына араласа алмаймыз, бұл мәселенің бір ғана шешімі бар деп есептейді.
“Есің бар да еліңді тап. Одан біз қашып құтыла алмаймыз. Өйткені ұлт мемлекетін құрып жатыр”, – дейді саясаткер Дос Көшім.
Ал, күні кеше журналистермен брифинг өткізген Қытайдың Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэй бұл жағдайда әр адамның мәселесі жеке қаралуы тиіс дейді. Оның айтуынша, басқа елдің паспортымен өзге елде тұра беретіндер де көбейді. Ал, Қытай билігі тек қана заң аясында жұмыс істеп жатыр дейді.
Олардың кейбіреуі ықтиярхатпен жүреді. Бірақ, паспорты Қытай елінікі. Дегенмен, кейбірі Қазақстан паспортын Қытай паспортына өзгерткен. Біз қос азаматтықты мойындамаймыз.
Сонымен қатар, консул мырза Қытайда мұсылмандарға арналған концлагерьлер ашылған деген ақпаратты да жоққа шығарды. Ал, ақпан айынан бастап виза алу қиындайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, керісінше, виза алу жеңілдеді дейді.
Расында да басқа елдің саясатына араласуға біздің құқымыз жоқ. Өз азаматын, ол тіпті, этникалық қазақ болса да, қалай тәрбиелейді, өзі біледі. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек. Біздің елге, яғни отанына оралған оралмандардың азаматтық алу мәселесінде біршама қиындық туындағанын білеміз. Сондықтан да еліне оралса да, көк паспортқа бірден қол жеткізе алмағандар көп. Сол себепті олар екі ел арасында жүрді де қойды. Тіпті, ықтиярхатпен жүріп, Қытай елінің зейнетақысын алып отырған азаматтар да бар екені ешкімге жасырын емес. Қалай болғанда да, Президент тапсырған соң, бұл мәселеге қатысты Сыртқы істер министрлігі анық ақпарат таратуы тиіс еді. Әзірге министрлікке жолдаған сауалымыздың жауабы қолымызға тимеді. Тиген күні, жария ететін боламыз.