"Некеміздің алғашқы жылдарындағы ең қиыны тіл болды": Корей азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы Оңтүстік Кореядағы өмірі жайлы айтты
Диана Сағиева - желіде Кореядағы өмірін белсенді түрде оқырмандарымен бөлісіп жүрген қазақ қызы. Жұбайымен Қазақстанда танысқан ол кейіннен Оңтүстік Кореяға қоныс аударған. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ол екі ұлттың мәдениетіндегі ұқсастықтары мен айырмашылықтары, өзге елде өмір сүрудің ерекшеліктері жайлы айтып берді.
– Диана ханым, мамандығыңыз бен туған ортаңыз туралы айтып берсеңіз?
– Мен Қарағанды облысының Абай қаласының тумасымын. Қарағанды медициналық институтында оқып, дәрігер-педиатр мамандығын тәмамдап шықтым. 90-жылдардың соңында жалпы еліміздегі жағдайларға байланысты мамандығым бойынша жұмыс табу өте қиын болды. Сондықтан қайта біліктілігімді арттырып, курстардан өтіп жүріп, дәрігер-потолог қызметін атқардым. Бұл мамандығыммен 4,5 жыл, алғашында Абайда, кейін Алматыдағы онкология радиология институтында жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп аспирантураға түстім. Дегенмен ол жақта зиянды сәулелермен жұмыс істегендіктен, бір жағынан жүкті болған соң жұбайым денсаулығыма алаңдаған соң оқуды тастауға мәжбір болдым.
Жалпы арғы тегім туралы асылдардың ұрпағымын деп айта аламын. Менің атамды кезінде мал ұстағаны үшін халық жауы деп кінәлап, ату жазасына кескен екен. Атамның әулетіндегілердің барлығы әділдік үшін күрескен би, шешен, батыр болған. Біз Қанжығалы Бөгенбайдың руынанбыз. Сондықтан да шығар менің ағаларым, туыстарымның барлығы заңға қатысты мамандық иелері. Мен ғана өзгеше мамандық алыппын.
– Жарыңызбен қалай таныстыңыз?
– Менің отбасым – нағыз қазақи тәрбиедегі әулет. Әжем де кішкентай кезімнен бері, менің қандай жанға тұрмысқа шығуым керек екенін айтып үйретіп отыратын. Ол міндетті түрде қазаққа соның өзінде оқыған, білімді, тәрбиелі отбасынан шыққан қарағандылық немесе алыс дегенде павлодарлық жігітке тұрмысқа шығуым керек екенін айтатын. Павлодарды неге айтты десеңіз, себебі ол жерден Қаныш Сәтпаев секілді ірі тұлғалар шыққандықтан, бұл қаланың адамдары мәдениетті, ақылды болады дейтін.
Сөйтіп жүргенде ең қызығы да сол менің жарым қазақ ұлтынан, тіпті Қазақстаннан емес болып шықты. Мен онымен Алматы қаласында таныстым. Алматыдағы онкология бөлімінде жұмыс істедім, ол болса, таеквандодан сабақ беретін. Ол Қазақстанға Korea International Cooperation Agency (KoICA) бағдарламасымен келген. Бұл бағдарлама Кореяда мемлекеттік орындарға жұмысқа орналасу үшін жасалатын алғашқы қадам болып есепеледі. Яғни, егер азамат Кореяның білім беру саласында немес басқа да мемлекеттік салаларында қызметке тұрғысы келсе, онда алдымен осындай бағдарламалар арқылы енді дамып келе жатқан мемлекеттерге шығып, пысықтау жұмыстарын жүргізуі шарт. Бұған қаржыны Кореяның өзі бөледі. Яғни, менің жұбайым сол кезде Қазақстанға осы бағдарламамен келген. Оның осы спорт түрінен қара белдігі болып, халықаралық шебер атанғандықтан, Қазақстанға тәжірибесімен бөлісуге келген. Міне, ол сабақ берген спорт академиясы менің жұмыс орыныма қарама-қарсы жақта орналасқан еді. Осылайша көрісіп, таныстық.
– Сіздің өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуыңызды жақындарыңыз қалай қабылдады? Жұбайыңыздың туыстары не деді?
– Айтып кеткенімдей, әжем маған қазақи тәрбие берген соң менде ешқашан өзге ұлтқа тұрмысқа шығу туралы ой болмаған. Мен 2002 жылы жарыммен кездестім. Ол кезде менің жасым 27-де болды. Бізде қыз баласы ерте жастан тұрмыс құрып, ана атануы керек деген ұстаным бар ғой. Менің жасым келіп қалғандықтан отбасым тіптен мені енді тұрмысқа шықпайтын шығар деп ойлаған. Сөйтіп Қарағандыға келіп, атама кездесіп жүрген адамымның барын айттым. Ол өте қуанышты болды. Кейін мен оның корей ұлтынан екенін айтқан кезде бастысы жақсы адам болсын деді де келісімін берді.
Ал әжем онымен танысар алдында кішкене уайымдады, қимады. Оның үстіне күйеу балалары қазақ ұлтынан болмаған соң көңілі түсті. Кейін әпкем әжемнен күйеу баласының есімін қалжыңдап сұрады. Әжем ол кезде оның атын білмейтін. Әпкем Чон Хун екенін айтқан кезде, әжем Шоқан болса, жақсы екен деп сабасына түскен. Солай жарым әжем үшін Шоқан атанды.
Ал оның туысқандары мені қалай қабылдады десеңіз, 2003 жылы жұбайым Кореяға баратын болды. Сөйтіп туысқандарына көрсету үшін менің суретімді ала кетті. Ол кезде ашық түс сәнге айналып, мен шашымды сарыға бояп алғанмын. Кейін оның жақындары менің суретімді көріп орыс қызы ма деп аздап үрейленген екен. Олармен тойда кездескенімізде шашымды қайта қоңырлау түске бояған едім. Олар менің түрімді көріп, азият екенімді біліп қуанып қалды. Сол жылдары жалпы Кореяда өзге ұлт өкілімен неке қию өте сирек кездескен. Сол себептен де олар егер басқа ұлттан келін түссе, кейін балалардың түрі де мүлде басқаша болады деп қорыққан. Олар менің азият екенімді көріп қуанып, келісімдерін беріпті.
– Отбасылық өмірдің алғашқы баспалдағында қандай қиындықтар болды?
– Некеміздің алғашқы жылдарындағы ең қиыны тіл болды. Жұбайым Қазақстанға келер алдында орыс тілі курстарына қатысса да, сөйлескен кезде қатты қиналатын. Ал мен корей тілін білмедім. Біздің бір-бірімізбен сөйлесуіміз ұзақ уақыт алды. Сөздік пен жазба арқылы сөйлесіп жүрдік. Бұл өте қиын болды. Себебі ойыңды айту үшін алдымен сөздіктен бір сөз іздеп, оны қағазға жазып көрсетіп, кейін қайта жауап беру үшін тағы да кітап бетін ақтаруға біршама уақыт жұмсалатын. Ең қиын болғаны осы деп айтар едім.
– Біраз уақыт Қазақстанда тұрыпсыздар. Жұбайыңыз қазақы ортаға қалай үйренді?
– Менің жұбайымның бағдарлама бойынша Қазақстанда болу мерзімі аяқталған соң, біз некеге тұру үшін Кореяға бардық. Ол жақта үш ай тұрғанннан соң қайта Қазақстанға оралуды ұйғарық. Себебі оған Кореяға қарағанда Қазақстан ұнайтын. Кореяда өмір сүру сәл қиындау. Мұнда жұмысқа бәрінен ерте келіп, бәрінен кеш шығуың міндетті, еркіндік жоқ, тәртіп қатал.
Ал бізде өмір сүру әлдеқайда жеңілірек. Табиғи өнім, таза ауа дегендей, кең байтақ жеріміз бәрі бізге ұнайтын. Үйленгеннен кейінгі үш айда күйеуім Кореяда жүріп, жұмысқа тұру үшін Қазақстанмен байланысы бар фирмаларды іздестіре бастады. Осылайша Қазақстанға қайта оралдық.
Қызығы Кореяда адамдар қыс мезгілінде үстеріне қалың күрте, бас киім киіп алып, ал аяқтарына жай тәпішке киіп жүре береді. Қазақстанда жұбайым қоқыс төгуге далаға солай шығатын. Үстіне күрте мен шарф оранып, ал аяғы жалаңаяқ тәпішкемен жүре беретін. Айналадағы көршілер оны көріп қатты таңғалатын.
Ал салт-дәстүрге келетін болсақ, Корей елінің ұстанымдары қазақтардікімен 80 пайызға ұқсас деп айта аламын. Әсіресе, үлкендерге сый, құрмет көрсету дәл біздегідей. Жұбайыма біздің ұлттық тағамдарымыз ұнайды.
Тағы бір ұқсастық құдалыққа барар кезде апаратын сый-сияпат. Оларда да қыз жаққа сыйлық апару орынды дүние болып саналады екен.
Тағы бір мысал, той кезінде маған қалыңдық ретінде олардың дәстүрлі киімін кигізіп, қолыма ұзын орамалын ұстатты. Кейін жолдасымның анасы орамалды созып, күйеу жігіт бір жағын, мен бір жағын ұстадым да ортадағы орамалға анасы түрлі тәттілерді лақтыра бастады. Дәл біздегі шашу секілді. Міне, осындай ұқсастықтардан соң, әрі ол бұрын Қазақстанда тұрған соң ортаға үйренісу аса қиын болмады.
– Қазақстаннан Кореяға не үшін қайта оралдыңыздар?
– Айтып кеткенімдей, Қазақстанға келгеннен соң жұбайым түрлі компанияларда жұмыс істеді. Алайда ол кезде бізде құжат бойынша еркіндік болмады. Менің құзырлы органдарда қызмет атқаратын тустарым, көмектесуге тырысса да, жұбайыма Қазақстан азаматшасының жары ретінде виза берілмеді. Сол себептен ол әр жыл сайын жұмыс визасын жаңарту үшін Бішкекке баратын. Сөйтіп жүргенде 2011 жылы Чон Хун ештеңеден хабары болмай, Бішкекке жолға шығып кетті. Ал дәл сол кезде Қырғызстанның астанасында үлкен дүмпу орын алып жатқан еді. Мен жұбайыммен ұзақ уақыт байланыса алмай, қатты уайымдадым. Содан соң өзі хабарласып, аман екенін жеткізді. Алайда олар қонақүй бөлмесінен шыға алмай отырғанын, онда не тамақ, не су жоқ екенін айтты. Себебі көше қанға толып, адамдар қатты жапа шеккен ұрыс пен атыс алаңына айналған. Сол жағдайдан соң жұбайым жыл сайын бұлай жүруім дұрыс емес деп маған көшуге дайындалуымды ұсынды. Сөйтіп жүргенде елде теңгенің құлдырауы бізге тағы да соққы болып, нәтижесінде 2014 жылы біз Кореяның Кванджоу қаласына көшіп кеттік.
Кореяға көшуіміздің тағы бір маңызды себебі балалардың қауіпсіздігі болды. Біз Қазақстанда тұрғанымызда балаларды балабақшаға өзіміз апарып әкеліп жүрдік. Тіптен сол үшін көлік те сатып алып, балаларға арналған кресло орнаттық. Себебі қоғамдық көліктерде баламен тұрғандарға, тіпті жүкті әйелдерге ешкім орын бермейтін. Мұндай жағдай менің жүкті кезімде де басымнан өтті. Бұл өте қиын. Автобус іші адамға лық толы кезде қолыңдағы кішкентай балаңмен жүру өте қиын. Кейін мен балаларды мектепке, балабақшаға, бассейнге өзім көлікпен тасыдым. Оның үстіне бізде балалардың жоғалуы, зардап шегуі сияқты оқиғалар жиілеп кетті. Сол себептен бізде қорқыныш пайда бола бастады. Тіпті қыздарымның заттарын ұрлап кеткен кездер де болды. Мектептерде ата-аналардан ақша жинау сияқты дүниелер де бізге ұнамады. Тағы бір айта кететіні, бізде балаларға арналған үйірмелер шамадан тыс қымбат. Олардың еркін дамуына жағдай қарастырылмаған.
Ал Кореяда керісінше, кішкентай балаларға қатты назар аударылған. Тіпті халқының өзі оларды жақсы көріп, ерекше көңіл бөледі. Менің қыздарымда екі ұлттың қаны болғандықтан олардың келбеттері де ерекше. Бұл корейлерді одан әрі сүйсіндірді. Ең жақсысы мектептерге мұнда қыздарым өздері барып келеді. Үлкен қызым тіпті кейде сабақтан тоғыздарда жалғыз орала алады. Себебі мұнда тәртіп пен тыныштыққа қатты мән береді. Көшелердің бәрінде бақылау камерасы, әр мектептердің жанында полиция участкесі ораналасқан. Жолдардағы қауіпсіздік те жоғары. Мұнда қылмыс жасап, түрмеден шыққандардың өзі қатаң тексеріспен жүреді. Міне, осындай себептермен біз Кореяға қайта көштік.
– Кореядағы өміріңіз туралы айтып беріңізші. Неге үйренісу қиындық тудырды?
– Мен емтихандарын тапсырып, бұл елдің азаматтығын алсам да, қиынға соққаны тіл болды. Балалар тез үйреніп кетті. Бірақ мен қатты қиналдым. Сонымен қатар бұл жердің климатына үйренісу де оңай болмады. Себебі мұнда қай кезеңде де дымқыл ауа райы. Қыста өте суық, ал жазда қатты ыстық. Бізде Қазақстанда ауа құрғақ болғаннан соң, тыныстау да жеңіл ғой. Ал мында дымқылдықтың әсерінен қанша қалың киінсең де суық денеңе өтіп кетеді. Оның үстіне Кореяда орталық жылу беру жүйесі жоқ. Әр үй өз едендері арқылы жылыту жүйесін орналастырған. Алғаш Кореяға келгенімде күйеуімнің ата-анасының үйінде тұрдық. Қыста олар тек бөлмелерді ғана жылытатын. Ал бір бөлмеден екіншісіне өтететін дәліздер қатты суық болып тұратын. Корей халқы жылу көздерін қатты үнемдейді.
Енді жазда дәл моншаға кіргендей сезімде жүресің. Ауа дымқыл болғандықтан, қатты ыстықта терін кеппейді. Күні бойы солай терлеп жүруге болады. Осындай жағымсыз климатына үйренісуім қатты қиын болды. Күз бен көктемде ғана ауа-райы қолайлы бола бастайды.
– Корейлер қазақтардан несімен ерекшеленді?
– Корейлердің қазақтардан айырмашылығы олардың еңбекқорлығында деп айта аламын. Өйткені біз қазақтар еркіндікті сүйетін, жайлылықта өмір сүретін ұлтпыз. Сонымен қатар Қазақстанда қонақтарды 5-ке шақырғың келсе, оларға 4-те кел деп айтасың. Сол кезде олар 5-те келеді. Кореялықтар уақытымен жүреді. Қай уақыт айтылса, сол уақытта міндетті түрде кешікпей келеді. Мұнда тіпті қарттардың өзі бір орында отыра алмайды. Олар көшеге шығып көкөністер сатса да, тірліктермен айналысып жүреді.
– Қазір Оңтүстік Кореяда немен айналысасыз?
– Менің мамандығым – дәрігер. Бірақ Қазақстаннан алған бұл мамандығым Кореяда жарамайды. Ол үшін қайта бірнеше жыл білім алуым керек. Бұл үлкен қаражат пен уақытты талап етеді. Оның үстіне бұл мамандығымды кері алып шыққанның өзінде өзге елден келген адамның халықтың сеніміне кіруі өте қиын болады. Себебі корейлер денсаулық мәселесіне келгенде барлығына өте тиянақты қарайды.
Ең бірінші Кореяға келгенде тіл үйрену курстарына барып жүрдім. Тез үйрену үшін күнделікті қызықтарым мен білгім келетін дүниелерді видеоға түсіріп желіге салатынмын. Оның үстіне Қазақстандағы туыстарым жағдайыма алаңдаушылық танытқан кезде тұрып жатқан жерімді, үйімді, көшелерді деген сияқты, күнделікті тұрмысымды видеоға түсіріп парақшама салып отыратынмын.
Тіл үйренген соң ыдыс жуушы болып, кейін тәтті тоқаштар өндіретін зауытта жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп желіге салған видеоларымды көрушілер көбейсе керек, олар маған косметика бойынша жұмыстар ұсына бастады. Содан кейін мен косметика сату бағытына қызметке тұрдым. Кейін жаңа қызметімде мен корейлік әріпестерімді басып озып, үлкен табысқа ие болдым. Бәріміз жақсы өмір сүруге тырысамыз ғой. Жақсылап еңбектенсек қайда болса да жайлы күн кешуге болады.
– Қыздарыңыздың есімдері корей тілінде. Оларға есімді қалай таңдадыңыздар?
– Менің қыздарымда жартылай қазақтың қаны бар. Алайда мен тұңғышымды дүниеге әкелген кезде олардың болашағын ойладым. Егер қазақша есім қойсақ, кейін ортаға сіңісер кезде қиындық тудыратынын түсіндім. Себебі Кореяда жүрген кезде достары оның есімін дұрыс айта алмауы мүмкін. Тұңғышымның есімі Су Бин, қазақша мағынасы судай таза, тұнық дегенді білдіретіндіктен, біз оның қазақша есімін Мөлдір деп айтамыз. Ортаншы қызымның есімі Ю Бин, сәттілік, бақыт әкеледі дегенді білдіреді. Кенже қызымның есімі Хэ Бин, ақылды, дана деген мағынаны білдіреді.
– Өмірде де, желілерде де өте белсендісіз. Сізді не шабыттандырады?
– 25 жасымда менде қатты аллергия болды. Ағзама жақпайтын өнімдерді жесем, денем ісініп, бірден жансақтау бөліміне түсетінмін. Шынымен өлген шығармын деген кез де болған. Бірде мен жанымның өз денемнен қалай шыққанын байқадым. Тіпті дәрігерлердің қалай көмектесуге тырысып жатқанын, әжемнің жылап жанымда тұрғанын, денемнің дірілдеп, қалтырап жатқанын да анық көріп тұрдым. Сол кезде мен артыма қалдырар ештеңемнің болмағанын, тіпті тұрмыс құрып, бала сүймегенімді, бұл өмірде ештеңе бітірмегенімді ойлап, өлгім келмейтінін түсіндім. Осылайша жансақтау бөлімінде оянғанмын. Сол сәттен бастап мені бұл өмірде өзім үшін, өзгелер үшін қандай пайдалы іс жасадым деген сауал мазалайтын болды. Сол сауалға қысылмай жауап беру үшін әлі күнге дейін барымды салудамын. Үш қызым бар, оларды жақсы адам етіп тәрбиелеуге тырысамын. Қоғамға да пайдам тисе екен деймін.
2020 жылы мен пандемия кезінде көмек ретінде Қазақстанға қаражат жинауды қолға алып, 1 миллион вонды ауруханаға аудардым. Мен қандай әрекет жасасам да ар ұяттан аттамай, адал ниетіммен істеуге тырысамын.
Әсіресе Кореяға ресми тіркеусіз келіп жұмыс істейтін қазақтарға әркез кеңесімді айтуға тырысамын. Өйткені Кореяға келіп құжатсыз жұмыс жасау үлкен қателік. Қаншама қазақтарды көріп жүрмін, бірінің қаражатын тонап кетсе, біріне жалақысын бермей қояды. Құжаты болмаған соң ол полейцейлердің алдына да, дәрігерлердің алдына да бара алмайды. Оның құқығын ешкім қорғамайды, тіпті қайтыс болған жағдайда денесін еліне қайтару жағы да үлкен қиындық тудырады. Сондықтан мен әркез осы жаққа жұмыс істегісі келетіндерге кеңесімді айтудан шаршамаймын. Келіп, қиналып жүргендерге көмек қолын барынша созуға тырысамын.
Адамдардың барлығы қоғамға, өзіне қандай да бір пайдалы дүниелер жасауы қажет деп ойлаймын. Тек денемізді тамақтандырып, киім алып, материалдық тұрғыда өмір сүре бермей, жан дүниенің де бар екенін ұмытпағанымыз жөн.
Айтып кеткенімдей туыстарымның жақсы қызметте, жақсы маман болып, қоғамға пайда тигізіп жүргені, айналамдағы адамдардың жақсы іспен айналысуы, менің басымнан өткен осы бір жағдай мені өмір сүруге шабыттандырады.