Кәрім Мәсімовтің спорттық киімі тағы да жұрттың күлкісін туғызды (фото)
Астанада өткізілген қайырымдылық марафонына белсене қатысқан ел премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің үстіне киген спорттық формалары тағы да желі қолданушыларының әзіл-қалжыңына себеп болып отыр.
Фото: Кәрім Мәсімовтың Инста парақшасы
4 қыркүйек күні өткен марафонға қарапайым еріктілерден бастап, танымал спортшыларға дейін болды. Арасында шенеуніктерді де көз шалды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков белгіленген қашықтықты басып өтті.
Көптеген желі қолданушылары премьер-министрдің киім таңдау кезіндегі талғамсыздығын сынаған. Оның көк түсті “колготкиіне” тиіскендер саны едәуір көп.
Ал мына суреттің астына қолданушы “Тіпті марафонда да қоластындағыларға тапсырма беріп жатыр: рахаттаныңдар жігіттер – сендер жұмыста емессіңдер деп жатса керек” деп жазады. Сондай-ақ, қатысушылардың реттік нөмірлерін біркелкі тақпағандарына да түсінбеушілікпен қарағандар бар.
Олар неліктен Винокуров пен Мәсімовтың нөмірді ышқырларына, ал қалғандарының кеуделеріне тағып алғанына таң қалған.
“Сізді кім киіндіреді. Күлкілі көрінесіз”, “Осылар жүгіреді екен деп, қанша сағат кептеліске қалай шыдауға болады”, “42 шақырым жүгіргеннен кейін мен тіпті аяғымнан тұра алмауым мүмкін, ал олар болса күліп емін-еркін тұр”, “Қандай арық еді премьер” деп түрлі пікір қалдырған.
Соңғы кездері спортқа тым белсене араласып кеткен Мәсімов, бірінші мәрте жұрттың күлкісіне қалып отырған жоқ. Бұған дейін де Астанадағы кезекті марафонда екі түрлі шұлық киіп шығып ел-жұртты таңырқатқан болатын. Астана-Бурабай тас жолында велосипед айдаймын деп, тыйым салынған аумаққа түсіп кетіп айыппұл төлегені тағы бар.