Қарағандыда төбелес салдарынан болған студенттің өлімі бойынша сот басталды
Қарағандыда 19 жастағы студенттің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандыда өткен жылдың сәуір айында түнгі клубтардың бірінде бір топ жігіт арасында жанжал шыққан. Жастар клубтан шығып, төбелесті көшеде жалғастырыпты.
Бейнебақылау камерасында Нұржан Берікті бетінен ұрып, тепкені түсіп қалды. Студент оқиға орнында көз жұмды. Қаскөй достарымен қаладан қашып кетпек болған, бірақ полиция оларды ұстаған. Енді сотталушы абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтірді деп айыпталып жатыр.
"Алғашында ол бет аймағына бір соққы берді, екіншісінде бір тепті. Сол жерде құлап, көлікке, одан кейін асфальтқа соғылып, сол жерде жан тапсырған. Бұл үшін 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – деп мәлімдеді Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының БАҚ үйлестірушісі Гүлфейруз Шохаева.
Марқұмның туыстары сотқа бір ғана адам тартылып жатқанына наразы. Олар шабуыл жасаушының достарын да жауапқа тартуды талап етті. Алайда сот алдын ала тыңдау қорытындысында олардың талабын қанағаттандырған жоқ. Басты сот отырысы 2 сәуірге белгіленген.