Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Қарашығанақ операторларынан миллиардтаған доллар өндіріп алмақ – БАҚ

Фото: petroleumjournal.kz

Карашығанақ кен орнын игеріп жатқан ірі операторлар, оның ішінде Eni SpA мен Shell Plc басшылық ететін консорциум халықаралық арбитражда жеңіліп, Қазақстанға 4 миллиард долларға дейін өтемақы төлеуге міндеттелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игеріп отырған ең ірі мұнай компаниялары халықаралық арбитражда жеңіліп қалды. Соның нәтижесінде олар Қазақстан үкіметіне 4 миллиард долларға дейін өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін. Сот әзірге Eni SpA мен Shell Plc басшылық ететін жоба серіктестері нақты қанша сома төлеуі тиіс екенін әлі анықтаған жоқ. Сондай-ақ дереккөздер Қарашығанақ консорциумы бұл шешімге шағым түсіруі мүмкін екенін хабарлады.


Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылынан кейін Қарашығанақ кен орны өндірісін азайтуға мәжбүр болды


КТК, "Теңізшевройл" және Қарашығанақ жобалары АҚШ санкциясынан босады


Арбитраждың бұл шешімі Қазақстан үшін ішінара жеңіс болып есептеледі. Себебі мемлекет кен орнын игеріп отырған компаниялардан 6 миллиард доллардан астам өтемақы талап еткен. Ал сот үкіметтің уәждерін негізді деп танып, компаниялардың өнімді бөлу туралы келісім шеңберінде мемлекет есебінен келісімде қарастырылмаған артық шығындар мен өтелуге тиіс емес басқа да шығыстарды жауып келгенін мойындаған.

“Қазақстанның сыртқы заң кеңесшілері арбитраж шешіміне сәйкес Қарашығанақ жобасының серіктестері Chevron Corp., Lukoil PJSC және ҚазМұнайГаз Қазақстанға 2 миллиард доллардан 4 миллиард долларға дейін қаражатты қайтаруға тиіс деп есептейді. Компаниялар өтемақыны бірден ақша аудару арқылы емес, өнімді бөлу туралы келісімдегі мұнайды бөлу үлесін Қазақстанның пайдасына өзгерту арқылы қайтарады”, – делінген басылымда. 

Сондай-ақ арбитраж мұнай компанияларының талап қою мерзімі өтіп кеткен деген уәжбен істі ішінара тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Арбитраж трибуналының отырыстары Лондонда өтіп, Стокгольм арбитраж ережелеріне сәйкес жүргізілген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу үшін шетелдік акционерлерден бас тартқаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 27 Қаңтар, 2026 09:50