Қарапайым заттар экономикасы: Отандық сүт өңдеу тауарлары импортты нарықтан ығыстыра бастады
Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында іске қосылған "Масло-Дел" кәсіпорны бүгінде сүт, май өңдеумен айналысатын ірі өндіріс орнына айналды. Оның былай қарыштап дамуына нақты жоспар, білікті топ-менеджмент және мемлекеттің көмегі сеп болды. Енді оның өнімдері шалғай ауылдардағы шағын дүкендерде де, қалалардағы ірі супермаркет сөрелерінде тұр.
"Масло-Дел" Bank RBK арқылы "Қарапайым заттар экономикасына" қатысып, айналым қаражатын толтырды. Сол соманың бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланып, өндіріс орны несиенің небары 6 пайызын төлеп отыр. Бұл – қуаттылықты арттыруды көздейтін кәсіпорын үшін зор көмек.
"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың көмегімен шикізатпен қамту мәселесі оңтайлы шешілді. Қазіргі таңда Петропавл қаласындағы сүт зауыты мен осы облыстағы Новоишимское ауылында орналасқан дәндерді қабылдау, сақтау және өңдеу орны Алматыдағы ірі кәсіпорынды сүтпен және дәнді дақылдармен қамтамасыз етіп отыр”, - дейді, компанияның қаржы директоры Айдын Тастанбеков.
Осылайша, мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражат "Масло-Дел"-дің сүт өнімдері нарығындағы үлесін 10 пайыздан бірден 27 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, май мен спред, қоюлатылған сүт өнімдері сауда орындарындағы тауарлардың 45 пайызын алып, бұл көрсеткіш бойынша елімізде көш бастады. Жалпы, қазіргі уақытта мұнда кілегейлі және өсімдік майларымен қатар, майонез, кетчуп, қызанақ пастасы, ұзақ сақталатын сүт, қоюлатылған сүт сынды 100-ден астам өнім түрі дайындалып, отандық нарықтан орын алып отыр. Ал пальма майының балама түрі болып саналатын тауарға деген сұраныс шекараның арғы жағындағы елдерде де жоғары. Ол еліміздегі ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстандағы наубайханалар, кондитерлік фабрикаларға да жеткізіледі.
Енді "Масло-Дел" Солтүстік Қазақстан облысындағы шикізатты Алматыға жеткізуді оңтайландыру үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында қосымша вагондар сатып алуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылдың тамыз айында Петропавл қаласындағы зауытта жаңа желі іске қосылады.
Айта кетейік, "Қарапайым заттар экономикасы" халық тұтынатын әлеуметтік маңызды тауарлардың импортын алмастыру үшін жасалған. Бағдарлама өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдап, бәсекелестікті күшейтіп, отандық өнімді дамытуға бағытталған. Ең бастысы, еліміздің импортқа деген тәуелділігін жою болып табылады.
Қазір бағдарламаға 10 ірі банк пен Аграрлы несие корпорациясы қатысуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылатын – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіпкер төлейтін ақырғы сыйақы мөлшерлеме жылдық - 6% пайыз болып табылады. Яғни, несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Осылайша, отандық кәсіпкерге жаңа іс бастауға немесе қолда бар өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жасалған.
Жақында Қазақстанның орнықтылық қоры "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының арнайы сайтын іске қосты. Онда бағдарламаға қатысты толық мағлұматтар мен несиелеу шарттары, қажетті мерзімге несие сомасын есептеуге арналған калькуляторы бар.