Қарақат Әбілдина: Сахнаға шығарда көйлегім сыймай, он қыз жабылып кигізді
Осыған дейін отбасылық жұп Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина “Бақыттымен өзіңмен” атты концерт берген болатын. Аталған концертті жақын күндердің бірінде көгілдір экраннан қайталап, қос әнші болған келеңсіз әрі күлкілі оқиғаларды еске алған-ды. Қарақат Әбілдина үстіне көк көйлегі сыймай, оны он қыз жабылып жатып әрең кигізгенін айтып берді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
“Патша көңілді көрермендерім! Жүрек жарды тілектеріңізге үлкен рахмет! Өздеріңіз тамашалаған концерт 17 күннің ішінде, өте аз уақытта дайындалды. Алматы әкімшілігі уақытын Алматы күндеріне сай қойған соң ешнәрсеге қарамай жақсы алып шыққан сияқтымыз. Концерттің барысында неше түрлі қызық болып жатады ғой. “Мені құртқан Көк шолақ” демекші, мені әуреге салған көк көйлектің қызығымен бөліскім келіп тұр” деп әнші басынан өткен қызықты оқиғаны баяндады.
Қарақат Әбілдина концертке кимек болған 12 кг салмағы бар көйлекті сәнгер Нәйіл Байкүшіков тіккен. Сәнгер аталған көйлекті Бішкектен әнші сахнаға шығарда небәрі он бес минут қалған кезде алып келген екен. “Оның екі өлшемге үлкен екенін білгенде бір шок алсам, концерттің барысында көйлек ауыстыратын кезде мүлдем киілмей, денеме жабысып қалғанда екінші рет шок алдым. Қыдекеңнің әні аяқталып, сценарий бойынша мен шығуым керек болатын. Сахна сыртында көйлекпен алысумен болдым. Тұрсынбекке айтар алғысым шексіз. Қыдекеңмен әңгіме жүргізіп білдірмей жіберді” деп әнші әзілқой актерді бір мақтап алды.
“Содан не керек он қыз жабылып бірдеме қылып кигізді-ау, әйтеуір. Бірақ айналып біртүрлі ыңғайыссыз киілгенін білемін. Залға түсуіміз керек болатын. Оған, шынымды айтсам, залға түспек түгілі сахнада әрең қозғалдым. Осындай қолайсыз жағдайды көзі қырағы көрерменнің біразы байқап қойған сияқты” деп өнер адамдарының өмірінде осы секілді түрлі қызықтын болатынын тілге тиек етіп, әнші бір күліп алды.
Нәйіл Байкүшіков Ерке Есмаханның ел аузында жүрген қызыл көйлегін тігіп беріп, әншіні ким Кардашьянға теңеген болатын.
Естеріңізге сала кетсек, Қарақат Әбілдинаның өзінің маймыл еместігін, табиғи болмысының осындай екендігін айтқан сұхбатты ұсынған болатынбыз.