Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық полицей төрт баланы тілсіз жаудан құтқарып қалды

 Қарағанды қаласы ІІБ Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Алтаев Дәурен Қасымжанұлы өз қызметін жанын пида ете отырып атқарды. Өз қызметіне адал берілген Даурен Қасымжанұлы ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргеніне қазіргі таңда 20 жыл толып отыр.

төрт-бала

Дәурен Қасымжанұлы 1976 жылдың көктемінде Қарағанды облысы, бұрынғы Талды ауданы, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы, Алғабас селосында дүниеге келген. 1982 жылдың күзінде мектеп табалдырығын аттап, сол мектеп қабырғасында 11 жылдық білім алды. Мектеп бітірген соң, отан алдындағы борышын атқару үшін әскерге аттанады. Әскерден кейін, 1996 жылы ішкі істер органдарына қызметке тұрады. Жол патрульдік қызметінің милиционері болып, әріптестеріне сыйлы, беделді қызметкер атанады.

Сол жылдарда жинаған білім мен біліктілігі нәтижесінде кезекші бөлімнің жедел кезекшісінің көмекшісі болып тағайындалады. Еңбек пен оқуды қатар алып жүруден еш именбеген өжет жігіт Б.Бейсенов атындағы Қарағанды жоғары мектебіне сырттай түсіп, заңгер мамандығын алып шығады. 2005 жылы оқуын аяқтап, офицер атанады. Содан бастап, яғни, 2006 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қызметін адал атқаруда.

Отбасында зайыбы екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Дәурен Қасымжанұлы өзінің ішкі істер органдарындағы қажырлы еңбегінің арқасында облыстық ІІД және қалалық ІІБ басшылығы тарапынан бірнеше мәрте марапаттауға ие болып, сондай-ақ, мінсіз қызметі үшін II және III дәрежелі медальдармен марапатталды. Ішкі істер министрлігі тарапынан 2006 жылы «Үздік қызметі үшін» төсбелгісін иеленді.

Дәурен Қасымжанұлының соңғы уақыттағы ерен еңбегінің бірден-бір дәлелі – қызмет атқару барысында бір отбасының төрт бірдей баласын өрттен құтқарып, өмірге қайта алып келуі. Оқиға барысын қысқаша тарқататын болсақ, сол күні Дәурен Қасымжанұлына Майқұдық елдімекеніндегі үйлердің біріне жетуі керектігі туралы хабарлама түседі.

Әдеттегі отбасы жанжалы болар деп, хабарлама түскен мекен-жайға жеткенде бес қабатты үйдің бесінші қабатының өртеніп жатқанын көреді. Ес-түстерінен айрыла шулаған көршілер үйдің ішінде балалардың барын айтады. Сол сәтте өрттің қара түтініне қарамастан, Дәурен Қасымжанұлы білек сыбана балаларды құтқаруға кірісіп кетті.

«Пәтерге кірсем, түтіннен басқа ештеме көрінбейді екен. Дереу бір матаны суға малып, бетіме орап, бөлмелердің ішінен балаларды іздедім. Қарасам, төрт бала кереуеттің үстінде бірінің үстіне бірі үймелеп жатып қалған. Ес-түссіз. Сол сәтте, демім де таусылуға қарамастан, балаларды иығыма арқалап сыртқа алып шықтым. Алғашында екеуін, кейін екі баланы шығардым. Екінші рет кірейін дегенімде, өрт одан әрі өршіп, маңайлатпайды. Сонда да еш мүдірместен, жанымды шүберекке түйіп, балаларды құтқардым»,- дейді сақшы.

Аға учаскелік инспектор Д.Алтаев жеке сектордағы 900 баспана мен бес қабатты үйге жауапты. Ол тек тұрғындарды ғана емес, әр үйдің бөлмелері қалай орналасқандығын да зерттеп алған. Сондықтан болар, балаларды тілсіз жаудан аман алып қалды.

«Төртеуіне иіс тиіп, ұйықтап кетіпті, полицей өз күшімен алып шықты. Бұл – кез келгеннің қолынан келмейтін ерлік. Егер учаскелік инспектор болмаса, қара жамылып отырар едім. Менің бес балам бар. Біреуін көршілер қызыл жалынан құтқарып алыпты. Қалғандарын алып шығуға батпаған. Төрт баламды отқа оранған пәтерден алып шыққан сақшы жоғары марапатқа лайық деп есептеймін», – дейді балалардың анасы Бақытжан Әбікеева

Отан қорғаушылар күнінде Дәурен Алтаев ҚР Ішкі істер министрілігінің грамотасымен марапатталды. Облыстық департамент басшылары да Ішкі істер министрлігіне батыр инспекторды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау жөнінде ұсыныс жіберді.

 

Талқылау