Қарағандыда Головкин қаржы құйған кәсіпорын ашылды (фото)
Қарағандыда көмір байыту жөніндегі жаңа кәсіпорын ашылды. Оның ашылу салтанатына кәсіби шаршы алаңда тапқан табысын осы жобаға инвестиция ретінде құйған әлем чемпионы Геннадий Головкин қатысты,- деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Бүгін Қарағандыда өндірістік қуаттылығы жылына 500 мың тонна Екібастұз және Қарағанды кен орындарынан өндірілген көмірді байытатын фабрика ашылды.
Аталмыш жобаға «KAZ Феррит» жергілікті кәсіпкерлері, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, сондай-ақ қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкин атсалысып отыр.
«Әкем 35 жыл шахтада еңбек етті. Біз қара жұмыстың қадірін білетін отбасында өстік. Бұл орта маған өте жақсы таныс, аталған іске өмірін сарп еткен мамандарды да білемін. Мен кеншілердің астанасы – Қарағандыда туып-өстім, бүгін аймақтың дамуына өзімше осылай үлес қосып отырғаныма қуаныштымын», – деді Головкин
Атақты спортшының айтуынша, ол экономикаға инвестиция құю арқылы еліне пайда әкелгісі келген.
«Маған бұл ой Мемлекет басшысының бәрін жеңіп, сосын елге қайт деген сол бір сөзінен кейін келген болатын. Бокста әлі де алар асуларым бар. Бірақ қазірден бастап еліме инвестиция құю арқылы пайдамды тигізе аламын деп шештім. Өйткені мен үшін спорт өзімді танытудың жолы емес, мен үшін елімнің атын шығарып, туымызды желбірету маңызды, сондықтан мейлі бизнесте немесе спорта болсын, мен еліме пайда әкелуге тырысамын», – деп атап өтті Головкин.
Көмірдің сапалы қасиеттерін арттыруға бағытталған инвестициялар ЕАЭО-да, кейін ДСҰ-да қазақстандық көмір өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі болып табылады. Жаңадан ашылған өндірісте 150 жұмыс орны қарастырылған. Алдағы уақытта фабрика кеңейіп, дамып, өндірісті ұлғайтпақ.
Көмірді байыту – ол барлық бағалы минералдарды бос жыныстардан бөлу мақсатында көмірді өңдеудің бастапқты процестерінің жиынтығы болып табылады.