Қарағанды облысында басшылары қомақты қаражат ұрлады деп айыптаған кассир өз үйінде асылып қалды
Қарағанды облысында пошта бөлімшесінің кассирі Мөлдір Тапина өз үйінде асылып қалған. Қайғылы жағдай орын алардан бұрын кассада қомақты қаражат жетіспейтіні белгілі болыпты. Марқұмның туыстарының сөзінше, пошта бөлімшесінің басшысы одан ақшаны тауып беруін талап етіп, қысым көрсеткен. Алайда пошта бөлімшесіндегілер мұны жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Өткен жұмада 30 жастағы Мөлдір Тапина өз үйінде киімілгішке асылып қалған. Марқұмның туыстарының сөзінше, жақында ол жұмыс істейтін поштадан 2 миллион теңгеден астам қаражаттың жоғалғаны анықталыпты. Артынша сол жерде жұмыс істегеніне небары 2 ай болған Мөлдір күдікке ілінген.
«Қаны аз болатын. Қызым құлап қалған екен деп ойладым. Көтерсем, киімілгіште жіпте ілініп тұр. Ешкім жоқ еді. айқайлап, далаға жүгіріп шықтым», – дейді марқұмның анасы Айнаш Манабаева.
Марқұмның күйеуі де оның күйзеліп жүргенін байқаған. Әйелі денсаулығына байланысты демалыста жүрсе де, оны жұмыс орнына жиі шақыртыпты. Осы жағдайдан күдіктенген ер адам әйелінің артынан іздеп барған.
«Мөлдір дірілдеп тұрды. Ештеңе айта алмайды. 900 мың теңге жетпеген екен. Оны Мөлдірге төлетпек болған. Бастығы күйеуін де жұмыстан шығаратынын айтыпты. Соттап жіберетінін айтып қорқытқан», – дейді марқұмның күйеуі Аслан Тұрсынов.
Алайда пошта басшылары жоғалған ақшаны Мөлдірдің алғанына сенімді. Айтуыларынша, кассир әйел бұл әрекетін банкоматқа ақша толтыру кезінде іске асырған. Ол банкоматтан алынған ескі кассеталарда қалып қойған 2 миллион теңгеден аса қаражатты алған. Мұнан кейін кассеталардың ішінде ақша болмағанын айтыпты. Басшылық оған мән бермегенімен, қомақты соманың жоғы арнайы бағдарлама арқылы белгілі болған. Мөлдір бастапқыда ештеңе білмейтінін айтқан. Артынша жоғалған 2 миллион 1 жүз мың теңгенің 1 миллион 200 мың теңгесін үйінен алып келіпті.
«Түнгі сағат бірде кассирді үйінен шақырттық. Кассаны ашып, ол әкелген ақшаны салдық. Жарты ақшасын әкелді. Ол комиссияның көзінше қолхат жазып берді. Сонымен қатар ақшаның біраз ұстап қойғанын мойындады», – дейді «Қазпошта» АҚ Қарқаралы аудандық бөлімшесінің бас есепшісі Нәзира Тіленшина.
Марқұмның туыстары полицияға арыз жазғаннан кейін, «Адамды өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша іс қозғалды. Ендігі істің ақ-қарасы тергеу барысында анықталатын болады.
Оқи отырыңыз:
Ақмола облысында сегізінші сынып оқушысын сабап тастаған экс-әкім жазадан жеңіл құтылуы мүмкін
Ақтөбеде облыстық әкімдікке көлігімен басып кірген жүргізушіге қатысты жаңа мәліметтер шықты
Атырау облысында із-түссіз жоғалып кеткен қыз Қызылордадан табылды
Толассыз жауған жаңбыр Алматы тұрғындарын әбігерге салды (видео)