Қазақстандық зейнеткер 17 млн теңгеден астам ақшасын көршісіне беріп, артынша ұмытып қалған
Қарағандылық зейнеткер 17 млн 500 мың теңгені көршісіне сақтауға бергенін ұмытып қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
18 ақпан күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне 64 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Жәбірленуші азаматша полиция қызметкерлеріне бірнеше күн ауруханада жатқанын айтқан. Белгіленген емдеу шараларын алып үйіне келген зейнеткер өзінің үйінде белгісіз ұрылардың болғанын хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер кілт арқылы оның үйіне кіріп, 5 миллион теңге және 30 мың АҚШ долларын алып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 17 миллион 500 мың теңгені құраған.
"Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалыпты. Полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау барысында жәбірленуші азаматша өзінің жиған ақшасын ауруханаға жатар алдында уақытша сақтай тұру үшін көршісіне қалдырғанын есіне түсірді", - делінген ПД хабарламасында. .
Айта кетейік, көршісі зейнеткердің барлық ақшасын өзіне қайтарып берді.