Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық әйел теміржол ауруханасында ота жасатамын деп қауіпті инфекция жұқтырып алған

Ауруханада жатқан науқасФото: freepik.com

Қарағанды тұрғыны теміржол ауруханасында науқастар инфекция жұқтырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Instagram-дағы Narodnyi.control.krg парақшасының жазуынша, 66 жастағы әйелге 2023 жылдың қараша айында тізе буынын ауыстыру операциясы жасалған. Операция кезінде ол емделеуі қиын көкіріңді инфекция жұқтырған. Екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде науқас алты рет ота жасатып үлгерген, қазір жетінші отаға дайындалып жатыр. Дәрігерлер науқастың аяғы ампутациялануы мүмкін екенін айтады, өйткені инфекция емделмейді. Ұзақ уақыт антибиотик қабылдағаннан кейін ағза қатты әлсіреп, бауыры сыр бере бастаған. Туыстарының айтуынша, әйел екі жылдан бері үйінен шыға алмай отыр әрі ауруды басатын және бактерияға қарсы препараттармен ғана өмір сүріп келеді.

Науқастың туысы басқа да науқастар сол ауруханада ота жасату кезінде дәл сондай инфекция жұқтырғанын, алайда аурухана әкімшілігі мұны жоққа шығарып отырғанын айтады.

"Біз Науқастарды қолдау қызметіне, СЭС-ке хабарластық. Бұл жағдайға біз ғана тап болмаған екенбіз. Н.Д.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығындағы ауруханада болғанымызда, сол ауруханада осындай операциядан кейін осы инфекцияны жұқтырған адамдарды кезіктірдік. Теміржол ауруханасының әкімшілігі бәрін жоққа шығарып отыр, қағаз жүзінде бәрі таза, онда инфекция жұқтырғандар, төсекке таңылған адамдар қайдан шықты, жалпы мұның бәрі қашан, қалай аяқталатыны белгісіз. Әкімшілік арыз-шағым да, талап-арыз да түспегенін алға тартады. Арызды өзім жазып, оған жауап алғам. СЭС-ке жазған арызым да бар", – дейді ол. 

Ол кінәлілер анықталып, жазаға тартылса дейді.

"Зардап шеккендер негізінен зейнет жасындағы адамдар, заңгерлік білімі жоқ, қазір олардың барлық күш-қуаты мен қаржысы емделуге кетіп жатыр. Ал ем өте қымбат, Қазақстанда жоқ болғандықтан, кейбір дәрілерді Ресей Федерациясынан, Мәскеуден тапсырыспен алдыруға тура келеді. Кінәлілер анықталып, жазаға тартылса екен дейміз", - дейді әйелдің туысы.

Қарағанды теміржол ауруханасының әкімшілігі мекемеде ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу және медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатқанын атап өткен.

"2023-2024 жылдары үш операция залына күрделі жөндеу жүргізілді, олар қазір қауіп дәрежесі мен профилі ескеріле отырып, бөлімдер мен қабаттарға бөлінген. Сонымен қатар жеке іріңді операция залы жұмыс істеп тұр. Қабылдау-диагностикалық бөлімше толығымен қайта жөндеуден өтіп, жеке таңу бөлмелерімен, шағын операциялық залмен, динамикалық бақылау кабинеттерімен және қарқынды терапия бөлімшесімен жабдықталған. Бұл шаралар инфекциялардың сырттан енуін болдырмауға және пациенттер ағынын бөлуге бағытталған. Ұлттық сараптау орталығының филиалымен келісімшарт бойынша жүйелі түрде зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Биыл да бұрынғыдай барлық сынақ теріс нәтиже көрсетті. Аурухана жыл сайын Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы бақылауынан өтіп тұрады, 2025 жылы  Н.Д.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының мамандары жарақат бөліміне қосымша екі кезеңдік тексеру жүргізді. Ешқандай өрескел бұзушылықтар анықталмады, жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді. Науқастарды қолдау қызметіне травматологтар тексеріп, Батпенов атындағы травматология және ортопедия орталығына (Астана) емдеуге жіберілген бір науқастан арыз түсті. Емдеуден кейін бұл науқастан аурухана қызметкерлеріне шағым түскен жоқ", – дейді аурухана әкімшілігі.

Сондай-ақ олар қазіргі уақытта аурухана қызметкерлерінің ешқайсысы пациенттердің денсаулығына немқұрайлықпен қарау немесе зиян келтіруге байланысты сот процестеріне тартылмағанын айтқан.

"Мекемеде дәрігерлердің кінәсінен науқастың мүгедек болып қалу жағдайларына жол берілмейді. Көрсетілетін медициналық көмектің сапасына қатысты қосымша сұрақтарыңыз немесе шағымдарыңыз болса, Науқастарды қолдау және ішкі бақылау қызметіне немесе тікелей аурухана басшылығына хабарласуларыңызды сұраймыз", – дейді медициналық мекеме өкілдері.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 14:39
Талқылау