Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында жастарға қолдау және жұмысқа орналастыру бойынша қандай жұмыстар жасалды – Басқарма басшысы айтып берді

Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Рауан Таран өңірде жастарға қандай қолдаулар көрсетіліп жатқанын және жастарды жұмысқа орналастыру бойынша қандай іс-қимылдар жасалғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

Рауан Таранның айтуынша, облыста 14-34 жас аралығындағы 325 201 адам немесе облыс халқының жалпы санының 28,4%-ы тұрады. Қала жастарының саны - 251 427 адам (77,3%), ауыл жастарының саны - 73 774 адам (22,7%). 

“Біздің еліміздің болашағы –  жастардың білім беру, мәдени және әлеуметтік өмір дағдыларын игеруде қаншалықты табысты екеніне, сондай-ақ олардың әлеуметтік және әлемдік өзгерістерге қаншалықты ілесе алатындығына байланысты. Жас қазақстандықтар – бұл қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылымын айқындайтын және даму мен қайта өрлеу көзі болып табылатын күш”, – дейді Рауан Таран. 

Оның айтуынша, жыл сайын өңірде жастардың сұраныстарын анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Оған үш мың мың респондент қатысады.

“Сауалнамаға қатысқан облыс жастарының көпшілігінің ойлары азаматтық бірегейліктің бар екенін айғақтайды. Осылайша, жастардың 96,7% - ы өздерін өз Отанының патриоты деп санайтынын білуге болады. Респонденттердің 90,2% - ы өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру ісіне көңілдері толады. Жалпы облыста 1 облыстық және 13 өңірлік жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Облыс бойынша 77 жастар үкіметтік емес ұйымы ресми тіркелді. Олардың ішінде "Жастар рухы" ЖК, "Жас ұлан" бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымы, "Қарағанды облысының Жастар Одағы", "Жас Орда" жастар қауымдастығы, "JARQYN BOLASHAQ" және басқалары белсенді қызмет атқарып отыр”, – дейді Рауан Таран. 

Басқарма басшысы мемлекеттің қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылын Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган мәртебесіне ие жастар жөніндегі кеңес жүзеге асыратынын сөз етті.

“Кеңес отырыстарында жастар саласындағы өзекті мәселелер жүйелі түрде талқыланып, шешімдер қабылданады. Бұдан басқа, облыста жастардың озық бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған жобалар іске асырылуда. Мәселен, облыста жыл сайын әскери-патриоттық іс-шаралар кешені іске асырылады және "Жас Сарбаз" республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысына қолдау көрсетіледі”, – дейді ол. 

Сонымен қоса өңірде жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастыру үшін "жастардың кәсіби дағдылары мен әлеуметтік құзыреттерін қалыптастыру және жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау" жобасы іске асырылуда. Жоба цифрлық, офистік, қаржылық, іскерлік пакеттерді пайдаланудың базалық дағдыларын игеруге бағытталған.

“2023 жылы 100 адамды оқыту жоспарлануда. Бұл жұмысқа кәсіби жаттықтырушылар тартылады. Курстар өтеусіз негізде өткізіледі. Жастардың шығармашылық және ғылыми бастамаларына "облыстың зияткерлік және шығармашылық клубтарының, жастар қоғамдастықтарының қызметін қолдау" жобасы арқылы қолдау көрсетіледі. Жоба аясында 2021 жылы жастардың зияткерлік және шығармашылық бастамаларын қаржылай қолдау қоры "Jas fund" ашылды”, – дейді ол. 

Осы жылы Қарағанды облысының дарынды жастарын қолдау мақсатында бөлінген қаржылық қолдаудың жалпы қоры кемінде 9 миллион теңгені құрайды.

“Бұнымен қоса "Қарағанды облысының жас мемлекеттік қызметкер мектебі" жобасы іске асырылуда. Бұл жоба ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттіктерінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен және ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академияларының Қарағанды облысы бойынша филиалымен бірлесіп жүргізілді. Жоба бойынша мемлекеттік басқару академияларының филиалында оқу және мемлекеттік органдарда 2 айлық тағылымдамадан өту ұсынылған”, – дейді Рауан Таран. 

Облыстардың студент жастарын шоғырландыру үшін 2022 жылдан бастап "жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметін дамытуы және қосалқы қолдауы" жобасы іске асырылуда.

Сондай-ақ өңірде жастарды жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламары аясында 3508 жас маман жұмыспен қамтылды.  

“Жастар практикасының ұзақтығы – 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды. Жалақы 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін өсті. “Бірінші жұмыс орны” жобасы бойынша 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Жалақы 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін көбейтілді. "Жастар практикасы" бойынша 139 адам, "Бірінші жұмыс орны" бойынша 86 адам жұмысқа тұрды. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша 127 маман көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредиттер алды. "Жасыл Ел" бойынша 2980 маман жұмыспен қамтылды. “Жасыл ел” бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдер үшін маңызды”, – дейді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар Рауан Таранның сөзінше, жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға үнемі көңіл бөлінеді. 2023 жылы 266 миллион теңге сомасына шамамен 177 грант бөлу жоспарлануда (облысқа - 100 миллион теңге, қала мен ауданға 166 миллион теңге). 

Айнұр Мұхади
Жұма, 23 Маусым, 2023 13:29