Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда қызды жабылып соққыға жыққан жасөспірімдердің бірінің анасы айыппұл арқалады

БуллингФото: Freepik.com

Қарағандыда кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс сотта қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық турары кодексінің 127-бабы 2-бөлігі бойынша іс қаралған.

Іс материалдарына сәйкес, анасы 2010 жылы туған кәмелетке толмаған қызына қатысты ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған. Тиісті назар мен бақылаудың болмауы салдарынан кәмелетке толмаған жасөспірім құқыққа қайшы әрекет жасаған.

Жасөспірім басқа балалармен бірге кәмелетке толмаған қызға дене жарақатын келтірген. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша сараланған.

Сот мәліметінше, кәмелетке толмағанның анасы балаларды тәрбиелеу, оқыту және асырау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамайтын ата-аналар санатына жатады және полиция органдарында профилактикалық есепте тұр.

Оның қызы да мектепішілік және полиция бөліміндегі профилактикалық есепке алынған.

Заңды өкіл өз кінәсін мойындап, қызы әжесінің үйіне кетіп қалғандықтан, оның жүрген жерін бақылауға мүмкіндігі болмағанын, кейін қайда болғанын білмегенін түсіндірді.

Прокурор кәмелетке толмағанның анасын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салуды сұрады.

Сот қаулысымен әйел Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің127-бабы 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 45 413 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін желіде Қарағандыдағы бір қыздың анасының үндеуі тараған еді. Әйелдің айтуынша, оның қызын бір топ жасөспірім соққыға жыққан.

Полиция алты кәмелетке толмаған жасөспірімнің анықталып, бөлімшеге жеткізілгенін хабарлады. Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесінде жанжалдың бастамашылары (бір ұл мен бір қыз) уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 15:17