Қарағандыда жасыл желекті отап тастаған құрылыс салушыға 17 млн теңге айыппұл салынды
Қарағандыда құрылыс бастау үшін жасыл желекті отап тастаған құрылыс салушы 17 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ ол 7 мың 200 жаңа көшет отырғызуы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Құрылыс салушы ағаштарды отап тастағаны үшін Қазақстанда алғаш рет қатаң жауапкершілік арқалады. Компания құрылыс салу үшін 144 түп ағашты отап тастаған.
2022 жылы Қарағандыдағы шағын аудандардың бірінің тұрғындары балабақша орнына құрылыс басталғанын байқаған. Тіпті куәгерлер құрылыс алаңынан алып қайың мен қарағайларды шығарып жатқанын видеоға түсіріп алған.
Құрылыс салушы ағаштарды басқа жерге ексін деп тапсырма берген. Алайда оларды жерге қадай салған. Салдарынан ағаштар құлап, шіріп кеткен.
Құрылыс салушыға қарсы бірінші сотта аудан әкімдігі жеңіске жеткенімен, облыстық сот айыппұлды алып тастаған. Алайда Жоғарғы сот әділдік орнатап, бірінші соттың шешімін қалпына келтірді.
“Жалпы осындай жағдайлардың барлығы үшін бұл – үлкен заңды прецедент. Өйткені біздің қалада да, еліміздің басқа қалаларында да ағаштар жаппай оталып жатыр және бұл үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ бұл іс адамдарды жауапқа тартып, құрылыс салушыны ағаш егуге міндеттеуге болатынын көрсетті”, – дейді Қарағанды қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Әйгерім Дәрібаева.