Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Видеоға түсіріп, тарататынын айтқан": Қарағандыда жасөспірім қызды бес бала топтасып зорлады деп айыпталды

Фото: freepik.com

Қарағандыда 16 жастағы қызды кәмелетке толмаған құрдастары топтасып зорлаған. Кәмелетке толмаған жәбірленушінің әкесі резонанс тудырған қылмыстың жай-жапсарын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews желілік басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол әділ тергеуді талап етіп, видеоүндеу түсірген.

Ер адамның айтуынша, бұл оқиға осы жылдың ақпан айында болған. Сол кезде қызды қазір іс бойынша куәгер ретінде танылған құрбысы серуендеп келуге шақырған.

"14 ақпан күні қызым құрбысымен тойлауға кеткен. Сол кештен оралған күннен бастап қызымыздың мазасы кетіп жүрді. Ол болған жайтты көп уақыт айта алмай жүрді. Зорлық жасалғаны туралы ақпарат тек 25 ақпанда шықты. Күдіктілер сол түні қызымның ес-түссіз, жалаңаш күйде, басқа біреудің пәтерінде жатқанын видеоға түсіріп алыпты... Және оны әлеуметтік желіде өздері таратқан болуы мүмкін", – дейді қыздың әкесі.

Бұл оқиғадан хабардар болған ата-анасы қызын сұрақтың астына ала бастайды, содан кейін ғана қыз не жағдай болғанын айтып берген. Қылмысқа кәмелетке толмаған бес баланың қатысы бар деген болжам бар. Олардың үшеуі қамауға алынған, екеуі бостандықта жүр. Қыздың ата-анасы күдіктінің әрқайсына әртүрлі бұлтартпау шарасы таңдалғанына таң.

Жәбірленушінің әкесі бұл оқиғаға қызының бұрынғы құрбысының қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады. Оның айтуынша, әлгі қыз қызын ойын-сауық орталығына шақырған, содан кейін қызы ақыл-есінен танып, оқиға болған пәтерден бір-ақ шыққан.

"Сол қыз және осы бес жігіт заң бойынша әділ жазасын алуы керек. Қазір ол іс бойынша тек куәгер ретінде танылып отыр. Қызым басынан өткен оқиғадан әлі айыға қойған жоқ. Қолымыздан келгенше қолдау көрсетіп жатырмыз, психологқа да жүгіндік", – дейді ол.

Қыздың ата-анасын Damumed қолданбасы арқылы жәбірленушінің медициналық деректеріне рұқсатсыз қол жеткізу дерегі де алаңдатып отыр. Әкесі мұны өрескел заңбұзушылық деп атап, осы арқылы тергеуге қысым жасалуы мүмкін екенін айтады.

"Зорлық-зомбылық болған күннің ертеңінде қызымды сол пәтерде ұстап, оған дәрі-дәрмектер салған. Жігіттердің бірі оған туыстарының прокуратурада, тіпті ұлттық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істейтінін айтқан. Сотталған күннің өзінде бір-екі ай ғана отырып шығатынын айтқан. Олар қызымды қорқытып тастаған. Біз ештеңені растамаймыз, бірақ осы нұсқаны да тексергенін қалаймыз", – дейді Қарағанды ​​тұрғыны.

Қарағанды ​​облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс ақпан айында қозғалған. Үш күдікті қамауға алынған, ал қалғандарына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Қазір жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажет сараптамалар кешені тағайындалды, соның қорытындысы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданады. Тергеу барысы Қарағанды ​​облысының полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жария етілмейді", – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Қыздың ата-анасы тергеудің әділ әрі заңды жүргізілуін талап ететінін жеткізді. Қыздың әкесі істің объективті қаралуына қол жеткізуді және осыған ұқсас оқиғалардың қайталанбауын мақсат етіп отырғанын айтты.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 26 Мамыр, 2025 16:22
Талқылау