Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда мейрамхана клиентті 10% қызмет ақысын төлемегені үшін сотқа берген: Сарапшылар бұл қаншалықты заңды екенін түсіндірді

Қарағандыдағы мейрамхана 10% қызмет ақысын төлеуден бас тартқан клиентті сотқа берді. Олар рестораторлар мен тұтынушылар арасындағы көптен бері келе жатқан дауды шешу үшін өзара татуласқан жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Елена түскі үзіліс кезінде мейрамханада салат пен шай ішкен де, 10% қызмет ақысын төлеуден бас тартқан. Ал әкімшілік полиция шақырған.

“Заңды болса, төлеуге қарсы емеспін. Егер заңда олай болмаса, неге төлеуім керек? Бұл сома, бәлкім, тағамның құнына қосылуы керек немесе қосылып қойған. Неліктен тағы үстіне қосып төлейміз? Даяшылардың жалақысы халыққа қарап тұрған жоқ қой?” – деді қарағандылық Елена. 

Рестораторлар қызмет көрсету бойынша пайыз тек жалақы емес, сонымен қатар жуғыш заттар мен басқа да шығын материалдары үшін қосылады дейді. Мейрамхана иесін республикалық бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы қолдады.

“Кафе, бар, мейрамхана аумағында жеп-ішетіндер бар және өзімен бірге алып кететіндер бар. Бұл 10%-ды тағамның құнына қосу мүлдем қиын емес. Бірақ бұл жағдайда тамақты өзімен алып кететіндерге әділетсіз”, – деді бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптева. 

Дегенмен кей сарапшылар келіспейді. Кейбіреулер қызмет көрсету бойынша пайыздар қарастырылмағанын және барлық шығын бағаға енгізілгенін айтады. Тағы бір сарапшы мейрамхана клиентті қызмет ақысы туралы ескертетінін айтады, яғни клиент соны көріп, мекемемен жария келісімшартқа отырады дейді.

“Егер ол білсе, хабардар етілсе, қызмет үшін ақы алынады. Ондай кезде төлеуге міндетті. Тапсырыс беріп, тамақ ішер алдында хабардар болмасаңыз және сіз бұл туралы білмесеңіз, төлеуге міндетті емессіз”, – деді Қарағанды ​​облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жанат Асантаев. 

“Қоғамдық тамақтандыру мекемесіне барған кезде қарапайым азаматтық-құқықтық мәміле жасайсыз. Сізге арнайы тағам дайындау қызметі ұсынылуы керек. Қоғамдық тамақтандыру мекемесінің сізге сол қызмет түріндегі қосымша қызметтерді жүктеуге құқығы жоқ”, – деді заңгер Илья Махлов. 

Сондықтан екі тарап бұл даудың шешімін сот анықтағанын қалайды. Мейрамхана иесі тіпті Еленаға жеңілдік картасын беруге дайын.

Талқылау