Аяқ-қолы жоқ қазақстандықты 10 жыл бойы аялдамада қайыр сұрауға мәжбүрлегендер сотталды
Фото: ЖИ
Қарағандыда 10 жыл бойы аяқ-қолы жоқ ер адам мен оның әйелін еңбек құлдығында ұстағандарға қатысты іс аяқталды. Төрт күдікті қылмыстық топ құрғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық іс бойынша басты айыпталушы 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары 12 жылға сотталды. Сот сотталушылардың үшеуінің кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, оны жеңілдететін мән-жай деп қарастырды.
Қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушы қылмысты қайта жасағандықтан, бұл жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қаралды.
Еске салайық, бұған дейін өз құрбандары арқылы жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған қылмыскерлер жайлы жазған едік. 41 жастағы ер адам азаматтық некедегі жұбайымен бірге еңбек құлдығында болған. Әйелі "қожайынның" айтуымен күйеуін қала орталығындағы аялдамаға апарады. Ал ерадам күні бойы сол жерде отырып, өткен-кеткен адамдардан қайыр сұраған. Мүгедектігі бар ер адам осылайша күніне 20-40 мың теңгеге дейін табыс әкелген.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қылмыскерлер жәбірленушіні қорқытып, ұрып-соғып күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Ер адам жаңбыр, аптап ыстыққа қарамастан ол жыл бойы Қарағандыдағы "45-квартал" аялдамасында жерде отырып адамдардан қайыр сұраған. Ал жиналған ақшаны "қожайын" өз қалауынша жұмсаған.
Тергеу мәліметінше, қаскөйлер мүгедектігі бар ер адамды ұрып-соғып қана қоймай, ішімдікке үйреткен. 2020 жылдан бастап оның азаматтық некедегі әйелінен туған сәбиді де бопсалауға пайдаланған. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы жаңа туған сәбиді тартып алып, өз туған қарындасына тәрбиелеуге берген. Бүлдіршін сол үйде 4 жасқа дейін өскен.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың желтоқсан айында күдікті есірткіге қатысты іс бойынша ұсталған. Сол кезде оның мүгедек ер адамды қайыр сұрауға қалай мәжбүрлегені туралы деректер әшкере болды.