Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында полицейлер сабақтан қалған жасөспірімді сотқа берді

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полиция басқармасының кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына 1 жылға жіберу туралы арызы бойынша азаматтық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото:depositphotos.com

Мәліметтерге сенсек, арызда Қарағанды агротехникалық колледжінің 16 жастағы 2-курс студентінің сабаққа бармауы, ата-анасының ұлына тәрбие бермеуі, оған көңіл бөлмеуі және оқуын қадағаламауы туралы айтылған.

Сот жасөспірімнің 71 жастағы науқас әжесіне күтім жасауына байланысты сабақтан шынымен қалғанын және білім алғысы келетінін растады. Сонымен қатар ол бейресми табысының бір бөлігін әжесіне беріп, қалғанын үй қажеттіліктеріне (отын мен көмір сатып алуға) және киім-кешекке жұмсаған.

"Есепте тұрмаған, қаңғыбастық, алкогольдік ішімдіктерді немесе есірткі заттарын тұтыну фактілері байқалмаған, қоғамдық тәртіпті бұзбаған, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, полиция есебінде жоқ. Ата-анасы бала тәрбиесіне көңіл бөлмеген және оған қамқорлық көрсетпеген. Олар басқа қалада тұрады", – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Анасы "Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу, оқыту және бағып-қағу бойынша өз міндеттерін орындамаған ата-ана" санаты бойынша есепке алынып, оған алкогольдік ішімдіктерді ішкені және баланы тәрбиелеу, оқыту және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылды.

Студенттің әкесі ата-ана ретінде ұлына дұрыс көңіл бөлмегені үшін кінәсін мойындап, басқарманың мәлімдемесімен келіспейтінін білдірді.



"Прокурор арыздан бас тарту туралы шешім қабылдады. Осыны ескерген сот полиция басқармасының арызын қанағаттандырудан бас тартты. Алдағы уақытта кәмелетке толмағандардың құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында уәкілетті органдарға арнайы ұйғарым шығарылды. Сот әлеуметтік және отбасын дамыту ұйымдарымен бірлесіп кәмелетке толмағанды кешкі мектепке қабылдау шараларын қабылдады", – деді Жоғарғы соттағылар.

Шешім заңды күшіне енді.

Талқылау