Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысының тұрғындарына 3,1 миллиард теңге қайтарылмақ

Қарағанды облысының тұрғындарына 3.1 миллиард теңге қайтарылмақФото: Freepik.com

Қарағанды облысының тұрғындарына коммуналдық қызметтер үшін 3,1 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қаражаттың қайтарылуына бірқатар табиғи монополия субъектілерінің тариф арқылы алынған қаражатты бекітілген сметаға сәйкес пайдаланбауы себеп болған.

Ведомствоның мәліметінше, мамандар 2024 жылға арналған табиғи монополия субъектілерінің есептерін талдаған. Барлығы 73 кәсіпорын ұсынған шамамен 200 құжат зерттелді. Атап айтқанда, тарифтік сметалардың орындалуы және инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөніндегі есептер қаралған.

Тексеру барысында 18 компания тарифке енгізілген жоспарлы жұмыстар мен шығындардың бір бөлігін орындамағаны анықталған. Заңнамаға сәйкес мұндай жағдайда өтемдік тариф қолданылады. Бұл тетік кәсіпорындар тариф арқылы қаражат алғанымен, оны мақсатты түрде пайдаланбаған жағдайда тұтынушыларға ақшаны қайтаруды көздейді.

Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескеріп, қайтарылатын қаражаттың жалпы көлемі 3,1 миллиард теңгеден асады.

Өтемдік тарифтер 2026 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылғы 1 наурызға дейін бір жыл бойы қолданылады.



Қай қызметтер бойынша қаражат қайтарылады

Қаражат бірнеше коммуналдық қызмет түрі бойынша бөлінеді:

  • сумен жабдықтау және су бұру – 2,27 миллиард теңге;
  • электр энергиясын тасымалдау – 669,6 миллион теңге;
  • жылумен жабдықтау – 107,7 миллион теңге;
  • кіреберіс теміржол жолдары – 3,7 миллион теңге;
  • газбен жабдықтау – 55,6 миллион теңге.

Комитеттің мәліметінше, өтемдік тариф тетігі коммуналдық кәсіпорындар тариф арқылы алғанымен, мақсатты түрде пайдаланбаған қаражатты тұтынушыларға қайтаруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтарға коммуналдық төлем бойынша артық төленген қаржы қайтарылатыны және кімдерге қайта есептеу жасалатыны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Наурыз, 2026 10:49